Алматы полициясы 150-ден астам автокөлікті заңсыз тіркеуден өткізген топтың қылмыстық схемасын анықтады. Қылмыстық іске Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері де қатысқан.
Полиция ақпаратына сүйенсек, арнайы қызметпен прокуратура біріге отырып, көлік құралдарын тіркейтін қылмыстық схеманы анықтаған. Жерасты цехы бар қылмыстық топ автокөліктің бірегей кодын өзгертіп, құжаттарды қолдан жасап, автокөлікті тіркеуден өткізіп отырған. Заңсыз тіркеуден 150-ден астам көлік өткен.
Тіркеуден өткізуге Халыққа қызмет көрсету орталығы мен делдалдар көмек жасаған. Қазір 17 күдікті қамауға алынып, 17 қылмыстық іс тіркелген. Топтың әрекеттерінен мемлекетке келген залал көлемі 320 млн теңге.
Осыған дейін Қарағанды облысының полициясы мемлекетке 315 млн теңгеден астам залал келтіріп, 33 жүк көлігін заңсыз тіркеген қылмыстық топтың қызметін әшкерелеген. Ол кезде де күдіктілер қатарында Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері болған. Күдікті азаматтардың 42 млн теңгеге бағаланған мүлкіне тыйым салынған.