Lifestyle

Ұлыбританияда Маргарет Тэтчердің Қазақстаннан алған «Достық» ордені 8 млн теңгеге сатылмақ

Маргарет Тэтчердің Қазақстаннан алған «Достық» ордені сатылмақ / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчердің Қазақстаннан алған «Достық» ордені аукционға шығарылды. Бастапқы бағасы – 12 500 фунт (8 млн теңге).

Контекст

Peter Harrington аукцион сайтында берілген ақпаратқа сүйенсек, «Достық» ордені Тэтчерге 2001 жылы берілген. Дегенмен оның нақты қай жерде берілгені туралы ашық ақпарат болмағандықтан, марапаттаудың құпия өтуі мүмкін екені жазылған.

Сатылымға байланысты шыққан түсініктемеде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Маргарет Тэтчердің жанкүйері болған деген ақпарат келтірілген. Олар 1991 жылы кездесу өткізген. Осы жылы 31 тамызда Токиоға лекция оқуға шыққан Тэтчер жолда Алматыға соққан. Назарбаев Тэтчерге елдің кеңестік Политбюродан шыққанын, еркін нарықтық экономикаға бағыт алып отырғанын айтқан.

«Президент мырза, сіз коммунизмнен тэтчеризмге ауысып келе жатқанын сияқтысыз», – деген кездесу барысында Тэтчер.

Орден туралы

Фото: Peter Harrington

Сатылымға шыққан орден жайлы ақпаратта бағалы тастармен көмкерілген жұлдыз белгісі атлас лентаға байланғаны жазылған. Орденде «Достық» деген сөз жазылған. Орденмен қоса, корольдік түс аталатын қою көк барқыт жастықшасы бар көк қорапша мен көк кітапша сатылады.

Айта кетейік, «Достық» ордені 1995 жылы 12 желтоқсанда бекітілген. Оны АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, БҰҰ бұрынғы басшысы Пан Ги Мун, Сингапурдың бұрынғы басшысы Ли Куан Ю сынды тұлғалар алған.

Маргарет Тэтчер 1979-1990 жылдар аралығында Ұлыбританая премьер-министрі қызметін атқарған. Консервативті партияның өкілі ретінде бұрын мемлекет иелігінде болған өндірісті жекешелендіру саясатын жасап, елді экономикалық даму жолына әкелген. Тарихта осы саясатты «тэтчеризм», ал премьер-министрдің өзін «Темір әйел» деп атайды.