2024 жылдың қыркүйегінде әлемде қанша электромобиль сатылды?

Жарияланды 21 Қазан 2024 13:50

(жаңартылды 21 Қазан 2024 14:13)
Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Business News бөлімінің тілшісі q.qudaibergen@kursiv.media
Электромобиль сатылымы артты / Архив: kursiv.media

2024 жылғы қыркүйекте Қытай электромобиль сату бойынша рекорд жаңартқан. Шығыстағы көрші елде екінші ай қатарынан 1 млн бірлік «жасыл» көлік сатылған. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Қыркүйек айында әлем бойынша барлығы 1,69 млн электромобиль мен гибрид сатылды. Бұл 2023 жылдың осы айымен салыстырғанда шамамен үштен бірге, дәлірек айтқанда 30,5%-ға артық. Әзірге биылдыққа тіркелген ең жоғары айлық нәтиже әрі абсолютті рекорд та осы.

Бұған қандай факторлар ықпал етті? Сарапшылардың бағамдауынша, оған Қытайда NEV (жаңа қуаттағы көліктер, яғни электромобильдер мен гибридтер) рекордтық сатылымының әсері бар. ҚХР-да 1,1 млн дана осындай авто саудаланған. Қытайдан басқа, Солтүстік Америкада да өсім байқалды. Күздің бірінші айында аталған елде сатылымдар 0,4% өсті. Ал қаңтардан қыркүйекке дейінгі кезеңде көрсеткіш бірден 10% артты.

Еуропада да BEV – яғни, таза электр көліктерге сұраныс артып келеді. Өсім 4,2%-ды (0,3 млн данаға дейін) құрады. Атап айтқанда, оған Ұлыбританияда электромобильдер мен гибридтер сатылымының 24% артуы әсер етті. Сарапшылардың пікірінше, бұл электр автомобильдер сегменті үшін жақсы жаңалық және алдағы уақытта көліктің бұл түрінің танымалдылығы артады.

Айта кетейік, сарапшылар BEV сатылымының өсуі болжамнан да жоғары болғанын айтады. Олар алдағы айларда рекорд жаңаратынын да жоққа шығармайды.

Еске сала кетсек, Қытайда шілде айында электромобильдер мен гибридтер (NEV) дәстүрлі көліктермен тең көлемде сатылды.

Жалпы ресми Бейжің тек электромобиль нарығында ғана емес, сонымен біге жалпы автонарықта әлемдегі автоалпауыттардан озып кетті. Мәселен, 2023 жылдың көктемінде көрші ел Жапонияны басып озды. Солайша Қытай әлемдегі ең ірі көлік экспорттаушысы атанды.

Алғаш рет Қазақстанда Toyota Camry-дің гибрид нұсқасы сатыла бастады. Ол 2,5 литрлік қозғалтқышқа негізделген. 186 ат күші мен 221 Нм қуатты бар электромеханикалық вариатор негізінде жүреді.

Сондай-ақ оқыңыз