«Легионерлерге бюджеттен 1 тиын берілмейтін болды» – Нартай Аралбайұлы

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
«Легионерлерге 1 тиын берілмейді» – Нартай Аралбайұлы / фото: архив kursiv.media

Мемлекеттік бюджеттен шетелдік спортшыларға, яғни легионерлерге қаражат бөлінбейтін болды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы хабарлады.

Депутаттың айтуынша, легионерлерге қаражат бермеу үшін тиісті заңдық норманы Үкімет қолдады. Сонымен қатар 180 спорт түрі қысқартылмақ.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының 49-бабы:

бірінші бөлігі: «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын спортшыларды бюджет қаражаты есебінен  қаржыландыруды жүзеге асыруға тыйым салынады.»;

екінші бөлігі: «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын спортшыларды квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға жол берілмейді» – деп жазылды.

Сондай-ақ енді 49-бап: Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру көздерінің 6 – тармағы мынадай мазмұнда жазылады:

«Бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) жоғары жетістіктер спорты, оның ішінде спорттың басым түрлері;
2) мемлекеттік спорт ұйымдарының жұмыс істеуі;
3) бұқаралық спорт;
4) спорттық инфрақұрылымды дамыту.»;

Еске сала кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, олимпиадаға легионерлер қосу тәжірибесін қолдамайтынын айтты.

«Кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн»,– деді президент.

Сонымен қатар жақында Астаналық «Барыс» хоккей клубы шетелдік спортшылармен келісім шарттарын бұзып, легионерлермен қош айтысып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз