БРИКС ұйымына мүше болуға асықпай отырған Қазақстан ұстанымына қатысты Ресей Сыртқы істер министрі пікір білдірді
Қазақстан БРИКС-ке кіруге асықпайды. Осыған орай Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пікір білдіріп, Қазақстанның ұйымға өтініш бермеуі әбден мүмкін екенін мәлімдеген. Бұл жайлы Ресей СІМ өкілінің «Аргументы и факты» басылымына берген сұхбатында айтылған.
Басылым журналисі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымын жеткізген баспасөз хатшысының пікірін алға тартып, Қазақстанның не себепті БРИКС ұйымына мүше болудан бас тартып отырғанын сұраған. Лавров елдің БРИКС-ке балама бола алатын Біріккен ұлттар ұйымына мүше екенін атап өткен.
«Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысының Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне қатысты айтқан пікіріне келетін болсақ, таяу болашақта республика БРИКС-ке кіруге өтініш бермеуі әбден мүмкін. Өйткені әмбебап және басқа баламасы жоқ БҰҰ бар. Бұл ұйым кез-келген мәселені шешуі керек болған. Осы орайда (Қазақстанның) бұл ұстанымын нақтылау қажет»,- деп жауап берген Лавров.
Ресей Сыртқы істер министрі Қазақстанның БРИКС-тен басқа көптеген ұйымға мүше екенін, атап айтқанда, ЕҚЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ және Түркі мемлекеттері ұйымының белсенді мүшесі болып отырғанын жеткізген. Түркі мемлекеттер ұйымының Түркияның бастамасымен құрылып, Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастық нығайып, енді «көтеріліп» келе жатқанын атап өткен. Осы орайда Лавров Қазақстанның бұл ұйымдарға мүше болуы, оның БҰҰ-ға қатысуына еш кедергі келтірмегенін меңзеген.
«Бұл ұйым (Түркі мемлекеттер ұйымы- Курсив) Орталық Азиядағы одақтастарымыз бен стратегиялық серіктестеріміздің өкілдеріне үлкен көңіл бөледі. Мұның ешқайсысы Қазақстанның немесе Орталық Азияның басқа елдерінің әмбебап құрылымы болып саналатын, бірақ қазір дағдарысты бастан кешіріп отырған әмбебап Біріккен Ұлттар Ұйымына белсенді қатысуына еш кедергі келтіріп отырған жоқ. Меніңше, сайып келгенде, біздің оңтүстік көршілеріміз, ҰҚШҰ-дағы, ЕАЭО-дағы одақтастарымыз, ең алдымен, БРИКС-пен жақындасудың тікелей пайдасына көз жеткізетін сияқты. Ұйымға мүше болу міндетті емес, бірақ нақты жобалар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге негіз бар. Бұл бәріміздің мүддемізге сай екеніне еш күмәнім жоқ»,- деп түйіндеген СІМ өкілі.
Қазақстан президенті баспасөз хатшысының мәлімдемесінен кейін, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков пікір білдіріп, БРИКС-тің БҰҰ-ны алмастыру ниеті жоқ екенін, Астана шешіміне Мәскеудің ққұрметпен қарайтынын жеткізген.