Жаңалықтар

Өткен аптада 7%-ға құлдыраған мұнай бағасы, Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты қайта тұрақтала бастады

Brent маркалы мұнай бағасы өткен аптада 7%-ға төмендеген / Фото: kursiv.media

Өткен апта соңында 7%-ға құлдырған мұнай бағасы дүйсенбі, 21 қазандағы саудада қайта тұрақтала бастады. Әлемде мұнай бағасының құбылуына ең ірі мұнай импорттаушы ел – Қытайдағы сұраныстың төмендеуіне байланысты алаңдаушылықтар мен трейдерлердің Таяу Шығыстағы қақтығыстарға қатысты оң болжамы әсер еткен.

Солайша, 21 қазан күнгі саудада Brent маркалы мұнай фьючерстері 8 центке немесе 0,11%-ға қымбаттап, барреліне 73,14 долларды құраған. Ал АҚШ-тың West Texas Intermediate мұнай фьючерстері 10 центке немесе 0,14%-ға өсіп, барреліне 69,32 долларға дейін көтерілген.

Ал өткен аптада Brent маркалы мұнай бағасы 7%-дейін арзандаса, WTI маркалы мұнай бағасы 8%-ға жуық төмендеген болатын.

Мұнай бағасының бұлайша құбылуына Қытайдағы экономикалық өсімнің баяулауы және АҚШ президенті Джо Байденнің жұма, 18 қазан күнгі «Израиль мен Иранның қақтығысты әзірге тоқтататындай қарым-қатынас орнатуға мүмкіндігі бар» деген бір ауыз сөзі әсер еткен.

Алайда Таяу Шығыстағы жағдай трейдерлер болжағандай, жақын күндері реттеле қоймайтын сыңайлы. Өйткені 20 қазан күні Израиль Ливан астанасы Бейруттегі Хезболланың қаржылық операцияларына қатысы бар нысандарға шабуыл жасауға дайындалып жатқаны туралы мәлімдеп, ливандықтарға қауіпсіз жерді паналау туралы хабарландыру тарата бастады.

Ал Қытай дүйсенбі күні экономикасын қалпына келтіруге және жандандыруға бағытталған ынталандыру шаралары қабылданатынын хабарлады. Өз экономикасын қолдау мақсатында Қытай билігі несие бойынша базалық мөлшерлемені төмендетті.

Айта кетсек, Қазақстанның Brent маркалы мұнайының бағасы жұма күнгі сауданы 72,91 доллармен ашып, 72,61 доллармен жапқан. Бүгінгі, яғни 21 қазан күнгі мұнай бағасы Астана уақытымен сағат 10:45-тегі жағдай бойынша, 72,8-73,5 доллар шамасында сатылып жатыр.