Үлкен Алматы айналма жолына шығатын 5 радиалды автожолдың құрылысы қаржы тапшылығына байланысты кешіктіріліп жатыр
Қаражат тапшылығына байланысты Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейінгі 5 радиалды автожолдың құрылысы ұзаққа созылып кеткен. Бұл жайлы депутаттардың сауалына берген жауабында премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
Бектенов қазіргі уақытта жол салуға 866 млн теңге көлемінде қаражат жетпейтінін айтқан. Бұл орайда қаражат республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген.
«Жалпы Алматы қаласының шекарасынан ҮАААЖ-ге дейін 5 радиалды жол салу бойынша бас мердігерлер 2021 жылы анықталған. Жергілікті бюджеттен қаржыландырудың жетіспеушілігі себебінен жұмыстар уақытынан кешігіп жүргізілуде Қажетті сома – 17 млрд теңге. Республикалық бюджеттен қарастырылатын соманың басым бөлігі төленді, республикалық бюджеттен төленетін соманың қалғаны 866 млн теңгені құрайды», – делінген құжатта.
Одан бөлек премьер-министр жергілікті бюджеттен облыстық маңызы бар 8,4 шақырымды құрайтын 3 автомобиль жолын жөндеу жоспарланып отырғанын айтқан. Күрделі жөндеу жұмыстары 2026 жылы аяқталады. Жобаға 1,7 млрд теңге қарастырылып, мердігерлері анықталып қойған.
«Облыстық маңызы бар 14 автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына 10,9 млрд теңге бөлініп, мердігерлер анықталды, барлығы талаптарға сай. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары 92,2% орындалды. Сомасы 7,7 млрд теңгеге 9 автомобиль жолын жөндеу жұмыстарын биылғы қараша айында аяқтау жоспарлануда. Қалған сомасы 3,2 млрд теңгеге 5 облыстық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары 2025 жылы аяқталады», – делінген жауапта.