Алматы облысының полиция департаменті Шерзат Болаттың көршісі, «хуторлық» ұйымдасқан қылмыстық топ туралы Youtube арналарының біріне сұхбат берген адамды не үшін ұстағаны туралы мәлімет берді.
«Алматы облысы ПД К. деген азамат ұстады. Ол Бұрын қоғамқа қауіпті іс-әрекеті үшін қылмыстық жауапкершіліктен сот арқылы босатылған. Медициналық сипаттағы күштеу шарасына үкім кесілген», – делінген хабарламада.
Полицияның айтуынша, ол мерзімі өткен құжаттарын қайта жасатамын деп медициналық мекемеден қашып кеткен.
«21 қаңтарда полиция қызметкерлері оны ұстап, тағайындалған емді жалғастыру үшін қайта медициналық мекемеге қайтарды», – дейді Алматы облысы полиция департаменті.
Мұның алдында журналист Асхат Ниязов Талғардағы «хуторлық» ұйымдасқан қылмыстық топ туралы түсірілімнің кейіпкері, Шерзат Болаттың көршісі болған адамды полиция ұстап, психикалық ауруханаға апарғанын хабарлаған-ды.
Ол түсірілім Youtube арнасындағы жарияланған болатын. Ұсталған адам – Шерзат Болаттың көршісі әрі отбасының досы. Журналист бұл адаммен бірге бұрын Хутор деп аталған Рысқұлов ауылына барған. Сұхбат көліктің ішінде жазылған. Ол бұл ауылда бұрын қандай оқиғалар болғанын, «хуторлық» ұйымдасқан қылмыстық топ туралы білгенін айтып берген еді.
Айта кететін жайт, 2024 жылдың 4 қазанында 16 жастағы Талғар тұрғыны Шерзат Болат бір топ адамның қолынан қаза тапты. Бұл іс бойынша қазір 10 адам күдікті деп танылды. 18 қаңтарда тағы бір адамның ұсталғаны анықталды.
Десе де, Алматы облыстық полиция департаменті Талғар ауданында ұйымдасқан қылмыстық топ жоқ деп есептейді.