Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ким Хон Гюн Сеулдегі Ресей елшісі Георгия Зиновьевті шақырып, Мәскеудің ұстанымы жайында түсініктеме беруді сұрады. Сондай-ақ «Солтүстік Корея әскерін ел аумағынан шығаруды, мұндай ынтымақтастықты тоқтатуды» талап еткен. Бұл туралы Yonhapnews ақпарат агенттігі хабарлады.
Кимнің пікірінше, Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы әскери ынтымақтастық қару жеткізу шеңберінен асып кеткен. Сондықтан Оңтүстік Кореяға да, халықаралық қауымдастыққа да қатер төндіріп отыр. Сонымен қатар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарына қайшы.
Оңтүстік Корея тарапы Солтүстік Корея әскерін орналасуын айыптап, ел мүддесіне қатер төндіретін кез келген әрекетке халықаралық қауымдастықпен бірлесе отырып, барлық мүмкін құрал арқылы жауап беретінін ескерткен.
Сеулдегі Ресей елшілігі болса, әлеуметтік желіде: «Зиновьев Ким Чен Ынге Солтүстік Кореямен ынтымақтастық Оңтүстік Кореяның мүддесіне қарсы бағытталмағанын мәлімдеді» деп жазған.
Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметі өткен аптада: «Украинадағы соғысқа қатысу үшін Солтүстік Корея ресейлік Қиыр Шығысқа 1 500 әскер жіберді, тағы да қосымша әскер жібермек», – деп мәлімдеген болатын.
Барлау қызметінің мәліметіне қарағанда, солтүстіккореялық солдаттар Ресей әскерінің әскери формасын киіп, қаруын асынған. Олар соғысқа дайындалып, Владивостоктағы әскери базада жаттығып жатыр.
Кореяның барлау қызметі жер серігі арқылы түсірілген фото суреттерді жария етті. Онда кәріс солдаттарын әкету үшін солтүстіккореялық порттарға бағыт алған ресейлік әскери кемелер көрсетілген.
Солтүстік Корея мен Ресей жаңа келісімшарт жасап, тығыз қарым-қатынас орнатып жатыр. Жаңа келісімшарт бойынша, екі елдің біріне шабуыл жасалса, екінші тарап әскери көмек көрсетуі тиіс. Оңтүстік Корея және оның одақтасы АҚШ «Солтүстік Корея қару-жарақ бағдарламасы үшін Ресейден озық әскери технологиялар алады» деп қауіптеніп отыр.