Қазақстандықтардың тұтынушылық сенімі біртіндеп өсіп келеді
Қазақстандық тұтынушылардың сенім индексі (ССІ) баяу болса да біртіндеп өсіп, оптимистік аймаққа қайта оралды. Дегенмен ересек жастағы тұтынушылар мен өңірлердің төрттен бірі әлі де пессимистік аймақтан жылыстай қойған жоқ. Инфляцияға қатысты күтулер инфляцияның қалыптасқан деңгейінен жоғары, тұтынушылардың пайымынша, алдағы уақытта баға атаулы әлі де өсе береді. Сол сияқты, тұтынушылар тарапынан еңбек нарығына қатысты алаңдаушылық деңгейі біршама жоғары, бірақ жалпылай алғанда ел бойынша мазасыздық көрсеткіштері төмендеп келеді…
Құрметті оқырман қауым, назарларыңызға Freedom Finance Global PLC әзірлеген еліміздегі тұтынушылық сенім көрсеткіштеріне қатысты 22-зерттеу толқынының нәтижесін ұсынамыз. Бұл зерттеу United Research Technologies Group әдістемесі негізінде 2022 жылдың қарашасынан бері ай сайын жүргізіліп келеді.
Өсу қарқыны баяу әрі бірқалыпты
Естеріңізде болса тамыз айында тұтынушылық сенім көрсеткіші 101,9 тармаққа дейін төмендеп кеткен болатын, ал қыркүйектегі зерттеу барысында өлшем көрсеткіштері ептеп болса да оптимистік сипатта нығая түскені байқалды. ССІ индексі 102,7 тармаққа дейін, яғни 0,8 тармаққа өсті. Ал ағымдағы жағдайды бағалау индексінің төмендеуі әрі қарай жалғасуда (1,3 тармаққа: 84,4 тармаққа дейін). Дегенмен бұл тұрғыдағы төмендеу тұтынушылардың күту индексінің өсуі есебінен қалыпқа келіп, бір деңгейге түсті деуге негіз бар (4,5 тармаққа: 130,9 тармаққа дейін).
Қыркүйек айында біздің сауалнамаға қатысқан тұтынушылардың дені өздерінің жеке материалдық жағдайы туралы пессимистік көзқараста болды (–1,5 тармақ, 102,2 тармаққа дейін), ірі ауқымда дүние, зат сатып алу төңірегіндегі ұстанымдары да осы шамада (–5,2 тармақ, 71,3 тармаққа дейін), яғни олар бұл үшін әлі де «қолайлы жағдай қалыптаса қойған жоқ» деген пікірде. Бұл олардың алдыңғы айлардағы бағаларына қарама-қайшы: бұған дейін отандық тұтынушылар елдегі экономикалық жағдайға қатысты пессимистік, ал өздерінің жеке экономикалық жағдайы бойынша оптимистік баға берген болатын. Сәйкесінше қыркүйекте біздің респонденттер ел ішіндегі экономикалық өзгерістерге біршама оң баға бере бастады (+2,7 тармақ, 79,6 тармаққа дейін), елдегі болашақ өзгерістерге деген үміт те оң сипатта: қысқа мерзімді де (+7,1 тармақ, 131,3 тармаққа дейін), ұзақ мерзімді де перспектива аясында (+5,7 тармақ, 132,4 тармаққа дейін). Алайда респонденттердің өз жеке экономикалық жағдайында орын алуы ықьтмал өзгерістерге қатысты пайым-болжамдары біршама ұстамды деңгейде қалып отыр (+0,8 тармақ, 129,1 тармаққа дейін).
Айта кету керек, 2024 жылғы қыркүйектегі CCI индексі 2023 жылғы қыркүйектегі көрсеткіштен жоғары шығып, 2024 жылғы қаңтардағы индекске (103,2 тармақ) ұқсас мәндерді көрсетті. Осы трендті ескере отырып болжайтын болсақ, тұтынушылық сенім индексі алдағы қазан айында да баяу қозғалып өсе береді, егер, әрине, көлденеңнен қандай да бір әлеуметтік және экономикалық күйзелістер көрініс бермесе.
Пессимистік аймақта тұрақтап қалған кімдер?
Қыркүйекте респонденттердің жауаптарынан мейлінше дәрстүрлі деуге тұратын гендерлік алшақтық сипаттарын байқай алдық. Айталық, тамыз айында ерлер тарапынан тұтынушылық сенім көрсеткіштері басым болса, қыркүйекте олардың жауаптары бейтарап аймаққа жақындап қалды (–2,2 тармақ, 100,8 тармаққа дейін). Есесіне әйел респонденттер тұтынушылық оптимизм аймағында бекіп, нығая түсті, қыркүйек айында олардың ССІ көрсеткіші 104,4 тармақты құрады (+3,5 тармақ). Бұдан біз гендерлік айырмашылық 3,6 тармаққа әйелдер пайдасына ұлғая түскенін көре аламыз. Айтқандай, қыркүйекте біздің сауалнамаға қатысқан әйелдердің тұтынушылық күту көрсеткіштері ерлермен салыстырғанда (125,9 тармақ) айтарлықтай жоғары болды: 135,9 тармақ, бірақ олардың тарапынан ағымдағы жағдайға қатысты берілген баға сәл де болса төмен: 84,2 тармақ (ерлердің бағасы: 84,5 тармақ).
Респонденттердің жас ерекшелігі бойынша алып қарағанда, ССІ бойынша жалпы көрсеткіште ауытқулар байқалғанымен, тұтынушылық сенім үрдісінде айтарлықтай өзгеріс жоқ: тұтынушылық сенім аймағында әдеттегідей жастар жағы қалып отыр, тіпті ССІ көрсеткішінде ептеген тмендеу болғанына қарамастан. Атап айтқанда, қыркүйек айында жастардың тұтынушылық сенім көрсеткіші 113,6 тармақты құрады (–1,5 тармақ), ал жас шамасы ересектеу дейтін жастар тобының көрсеткіші – 103,4 тармақ (–0,3 тармақ). Ересек жастағы тұтынушылар бұрынғысынша пессимистік аймақтан шыққысы жоқ, бірақ 45–59 жастағы тұтынушылар бейтарап аймаққа қарай бет бұра бастаған (97,5 тармақ, +3,1 тармақ). Сол сияқты, зейнеткер тұтынушылардың көрсеткіші ұстамды деңгейде болса да біртіндеп өсіп келеді (94,9 тармақ, +2,4 тармақ).
Оптимистік аймақта он төрт өңір бар
Өңірлер аясында қарастырғанда қыркүйектегі зерттеу жаздың бірінші айындағы нәтижелерді еске салды – биыл маусымда тұтынушылық оптимизм аймағында еліміздің 13 өңірі орныққан болатын, ал қыркүйекте 14 өңір оптимистік аймақтан көрінді. Тұтынушылық пессимизмге бой берген деп: Абай (97,6 тармақ), Ақмола (98,6 тармақ), Атырау (99 тармақ), Шығыс Қазақстан (96,6 тармақ), Солтүстік Қазақстан (95,9 пункта) және Ұлытау (94,1 тармақ) облыстарын айтуға болады.
Тұтынушылық сенім көрсеткіші едәуір өскен өңірдің бірі Жетісу облысы (+10,4 т., 105,9 тармаққа дейін). Бұл қатарда Алматы (+5,7 т., 102,1 тармаққа дейін), Маңғыстау (+4,9 т., 111,4 тармаққа дейін – өңірлер арасындағы ең жоғары ССІ көрсеткіші), Павлодар (+4,1 т., 101,1 тармаққа дейін), Абай (+3,2 т., 97,6 тармаққа дейін), Батыс Қазақстан (+2,7 т., 103 тармаққа дейін) облыстары мен Шымкент қаласы (+2,7 т., 110,6 тармаққа дейін) да бар.
Сол сияқты, қыркүйек айында тұтынушылық сенім көрсеткішінің төмендеуі байқалған өңірлер: Қызылорда (–12 т., 102,2 тармаққа дейін), Солтүстік Қазақстан (–3,4 т.), Түркістан (–5,9 т., 108,5 тармаққа дейін) және Ұлытау (–1,7 т.) облыстары мен республикалық маңызы бар екі қала – Алматы (–1,3 т., 101 тармаққа дейін), Астаны (–2,2 т., 106,6 тармаққа дейін).
Күз басында алаңдаушылық деңгейі біршама төмен
Қыркүйектегі талдау барысында байқай алғанымыздай, қазақстандық тұтынушылардың арасында әр нәрсеге алаңдап, мазасыз күйге бой беретіндердің саны елеулі қарқынмен төмендеп келеді: респонденттердің ішінде өткен айда өзін «ештеңе алаңдатқан жоқ» деген жауапқа тоқталғандардың үлесі 8 пайыздық тармаққа, яғни 35,5%-ға дейін өскен, сәйкесінше қыркүйекте отандастарымыздың үштен бірінен астамын ештеңе алаңдатып, мазалай қоймаған. Сонымен қатар, қандай да бір алаңдаушылық себептерін сипаттаушы көрсеткіштер де күздің екінші айында біршама төмендей түскені байқалды: оның ішінде, әсіресе, денсаулыққа қатысты мәселелер (–4,1 п.т., 8,2%-ға дейін), инфляция, бағалар мен тарифтердің өсуіне алаңдау (–3,9 п.т., 6,9%-ға дейін) сынды жауаптардың үлесі едәуір азайған.
Десек те респонденттердің төрттен бірі (27,7%) өзін ақша мәселелесі алаңдатып отырғанын жасырмайды, яғни қаржылық қиындықтар, ақшаның жетіспеуі, қарыз, кредит дегендей. Ал сауалнама барысында ұсынылған алаңдаушылық себептерінің басқа да көрсеткіштері әрбір оныншы респондентті де толғандырып отырған жоқ. Сондай-ақ, тамыз айымен салыстырғанда қыркүйекте қазақстандықтарды денсаулық сақтау (–2,9 п.т., 2,2%-ға дейін) және білім (–3,9 п.т., 0,4%-ға дейін) салаларының жағдайы аса көп алаңдата қоймаған.
Инфляцияның кезекті баяу қарқыны…
Қазақстан Республикасының Ұлттық статистикалық бюросы (ҚР ҰСБ) мәліметтері бойынша, 2024 жылдың қыркүйек айында жылдық инфляция тамыздағы төмендеу тенденциясын әрі қарай жалғастырып, 8,3%-ды құрады (жылма/жыл есептегенде төмендеу көрсеткіші 0,1%).
Қыркүйектегі зерттеу бізді былтырғы бағалардың динамикасына біршама ұстамды баға беруге икемдеп отыр деуге болады, әйтсе де, біздің сауалнамаға қатысқан тұтынушылардың жартысынан астамы бағалардың қазіргі өсу қарқыны өткен жылғыдан анағұрлым жылдам деген пікірде (50,8%, –0,2 п.т.). Сол сияқты, әрбір төртінші респондент бағаның өсуі бұрынғыдай (26%, – 4,1 п.т.), ал әрбір оныншы респондент – баға атаулы бұрынғымен салыстырғанда баяу өсті деп есептейді (11,4%, +1,7 п.т.).
Айлық инфляция да ептеп баяулап, 0,4%-ды құрады (тамызда – 0,6%). Инфляция қарқыны баяулай түскенімен және респонденттер қыркүйек айында инфляцияны алаңдаушылық көрсеткіші ретінде сирек атап өткенімен, өткен айдағы бағалардың өсуі туралы отандық тұтынушылардың пікірі мейлінше пессимистік сипатта қалыптасты: үштен бірі қыркүйекте баға «қарқындап өсті» десе (39,7%, +2,1 п.т.), дәл осындай бөлігі – бағалар «ұстамды деңгейде өсті» деп баға береді (33,8%, –1,7 п.т.).
Күтілетін инфляция нақты инфляциядан жоғары
Құрметті оқырман, аталған зерттеу аясындағы инфляцияға қатысты күту болжамдары Берк әдістемесі бойынша ықтималды квантификация әдісінің көмегімен есептеліп, инерциялық сипатта берілетінін еске саламыз.
2024 жылдың қыркүйек айында жылдық инфляцияның күтілетін деңгейі 8,8%-ды құрады, яғни өткен аймен салыстырғанда аса өзгерген жоқ. Бірақ сауалнама деректеріне сәйкес, 2023 жылдың қыркүйегіне шаққанда 2024 жылдың қыркүйегінде қалыптасқан жылдық нақты инфляция халық күткен деңгейден төмендеу (ҚР ҰСБ мәліметінше, бір жыл ішіндегі нақты инфляция 8,3% деңгейінде). Бұдан шығатын қорытынды – осымен екі ай қатарынан халықтың инфляцияға қатысту күту болжамдары нақты инфляциядан жоғары шығып отыр.
Күтілетін инфляция деңгейінің қалыптасқан инфляцияға шаққандағы арақатынасы осымен бесінші ай қатарынан жоғары өрлеп, 1,05 мәніне жетті, яғни бұл күз шыға инфляциялық қысым күшейе түскенін көрсетсе керек. Сондай-ақ, респонденттердің жауаптары арасында екіұштылық сипат арта түскені де байқалуда.
Респонденттердің жауаптарын өңірлер аясында талдағанда байқағанымыз, қыркүйекте Астана және Алматы қалаларының тұрғындары тарапынан инфляциялық процестерген берген бағалар бір деңгейде қалыптасып, жалпылай алғанда ел бойынша орташа деңгейден ептеп қана жоғары шықты. Күтілетін жылдық инфляцияның нақты (қалыптасқан) инфляция деңгейіне шаққандағы арақатынасының мәні Астанада 1,056-ны, Алматыда 1,06-ны құрады (Қазақстан бойынша орташа мән 1,046).
Бағаның өсуі әйелдер мен жастардың назарында
Нарық ішіндегі қымбаттау сипаттарын бағалауда әдеттегідей әйел респонденттер мейлінше пессимистік көзқараста: олардың 43,4%-ы өткен айда бағалар қарқындап өсті деген пікірге тоқталса, 54,7%-ы баға атаулы былтыр қаулап өскенін алға тартқан. Дегенмен, бағалардың өткен айдағы (+3 п.т., 35,6%-ға дейін) және өткен жылдағы (+0,8 п.т., 46,4%-ға дейін) өсу динамикасы бойынша пессимистік көзқарас негізінен ерлерге тән деуге болады, бірақ бұл біз жүргізген сауалнама барысында байқалған гендерлік алшақтыққа бәрібір әсер етіп отырған жоқ.
Бағалардың өсуіне қатысты жастардың берген бағасы да мейлінше пессимистік сипатта: 25–34 жас аралығындағы тұтынушылардың 53,2%-ы ішкі нарықтағы бағалар былтыр қарқындап өскенін еске алса, 41%-ы – баға атаулы биыл қыркүйекте қаулап өсті деп есептейді, дегенмен, былтырғы бағалар туралы олар қыркүйекте біршама ұстамды пікірге тоқталған (–1,1 п.т., 53,2%-ға дейін). Сол сияқты, жастар жағы бағалардың өткен айдағы өсу динамикасына қатысты (37,9%, +3,3 п.т.), ал зейнеткерлер – өткен жылдағы өсу динамикасына қатысты (46,8%, +0,3 п.т.) оптимистік пікір танытқан.
Айтпақшы, баға атаулы бір айда күрт өсті деген пікірлерге қыркүйекте, әсіресе, Атырау (55,9%) және Ұлытау (52%) облыстарының тұрғындары көбірек тоқталған, ал бағалардың бір жылдағы өсуіне қатысты ұстамды бағалар негізінен атыраулықтар тарапынан айтылған (62,9%).
Халықты ет пен сүттің бағасы алаңдатып отыр
Осы арада айта кетсек, ел бойынша бағасы шарықтап өскен тауарлар мен қызметтердің қатарына біз әу бастан азық-түліктің негізгі түрлерін, ал 2024 жылдың ақпанынан бері – коммуналдық шығындар мен интернет және байланыс қызметтерін жатқызамыз. Біздің сауалнамаға қатысатын респонденттердің дені әдетте басқа да тауарлар мен қызметтердің бағасындағы өзгерістерге аса мән бере қоймайды. Бірақ бұл жолы тұтынушылардың үштен бірі ет (36,1%, –4,4%) және сүт (31%, –4,1%) өнімдерінің бағасы шарықтап өсіп жатқанын атап өтті. Әйтсе де біздің респонденттер төмендегідей өнімдердің қымбаттауына сирек мән беретін болған: көкөніс пен жеміс-жидектің (27,2%, –5,4 п.т.), нан өнімдерінің (25,7%, –3,1 п.т.), жарма түрлерінің (20,9%, –2,8 п.т.), ұнның (15,7%, –0,9 п.т.), қант пен тұздың (15,4%, –3,4 п.т.), жұмыртқаның (13,3%, –2,8 п.т.). Сондай-ақ олар коммуналдық қызметтер (16,9%, – 3,8 п.т.) мен интернет және мобильді байланыс қызметтерінің (14%, – 2,1 п.т.) бағасындағы өзгерістерді де елеп, ескере қоймаған.
Жылжымайтын мүлікті жалға алу және/немесе сатып алу бағасының өсуін байқағандардың үлесі ептеп артқан (+0,7 п.т., 5,8 тармаққа дейін); дәнді дақылдардың (+1,6 п.т., 4,1%-ға дейін) және ауыл шаруашылығы өнімдерінің (+0,7 п.т., 2,8 тармаққа дейін) қымбаттағанын, кафе және мейрамхана бағаларының өскенін байқағандар бар (+0,7 п.т., до 2,8 тармаққа дейін).
Баға болжамында пессимистік сипат басым
Естеріңізде болса өткен айларда біздің респонденттер бағалардың ықтималды өсуі келесі жылы емес, келесі айда орын алады деген пікірге көбірек тоқталды, алайда биылғы қыркүйекте бағалардың өсуіне қатысты пессимистік болжам келесі айға да, келесі жылға да қатысты жиі айтылды. Келесі жылға қатысты болжамдарда бағаның жеделдеп өсуін күтетіндердің үлесі өсіп келеді (+3,2 п.т., 24,9%-ға дейін): біздің сауалнамаға қатысқан әрбір төртінші отандық тұтынушы осындай пікір айтып отыр. Ал бағалардың өлшемді деңгейде өсуіне үміт артатындар біршама азайып қалған (–9,3 п.т., 40%-ға дейін).
Айтқандай, тұтынушылардың үштен бірі ішкі нарықтағы бағалар бір айда «ұстамды деңгейде өседі» деп күтсе (34,1%, – 2,2 п.т.), әрбір бесінші тұтынушы – баға «қарқындап өседі» деген пікірді дұрыс санайды (19,9%) және бұлардың үлесі қыркүйек айында ептеп артқан (+1,9 п.т.). Сондай-ақ, бұл тұрғыда ұстамды (–2,9 п.т., 19%-ға дейін) және оптимстік сипатта (–1 п.т., 12%-ға дейін) баға бергендердің үлесі төмендей бастағаны байқалуда, негізінен келесі айдағы баға динамикасына берілген пессимистік бағалардың артуы есебінен (34,1%, –2,2 п.т.).
Әйелдер мен жастарды алаңдатып отырған мәселелер…
Әдеттегідей, біздің респонденттердің ішінде әйелдер тарапынан берілген болжамды бағалардың дені пессимистік сипатта: бір айға қатысты да (21,9%, +0,9 п.т.), бір жылға қатысты да (25,6%, +2,5 п.т.). Бірақ пессимистік болжамдардың артуы тұрғысында – бір айға қатысты да (+3,1 п.т., 17,8%-ға дейін), бір жылға қатысты да (+3,9 п.т., 24%-ға дейін) – ерлердің үлесі басым, содан да бұл тұрғыдағы гендерлік алшақтық біршама қысқара түскен.
Пессимистік бағалардың артуы қыркүйек айында барлық жастағы респонденттер тобына тән болғанымен, пессимистік көңіл-күй негізінен ересектеу жастардың тарапынан байқалып отыр: бір айға қатысты да (+3,5 п.т., 20,9%-ға дейін), бір жылға қатысты да (+3,9 п.т., 26,5%-ға дейін), осылайша бір жыл аясында алып қарағанда бұл жастағы респонденттерді ең пессимистік топ деп тануға негіз бар. Әйтсе де жалпылай алғанда ең пессимистік топқа – бір айға қатысты айтқанда жас респонденттер жатқызылды (21,1%, +2,2 п.т.), ал бір жылға қатысты – жастар (26,5%, +3,4 п.т.) мен жас шамасы ересектеу дейтін жастар тобы көш басында.
Айтқандай, бағалардың бір айда қарқындап өсуін ықтималды деп есептейтін тұрғындар негізінен Жамбыл облысында тұрып жатса керек (27%), ал бір жыл ішінде қарқындап өседі дейтіндер – Абай (30,6%), Жамбыл (37%) және Қызылорда (33,3%) облыстарында.
Валютаға қатысты болжамдарда екіұштылық сипат басым
Валюталар бағамындағы өзгерістерге қатысты болжамды бағаларда сенімсіздік сипаты басым – 7,1 п.т. шамасында: бір айға қатысты айтқанда 22,3%-ға дейін, ал бір жылға қатысты – 20,4%-ға дейін. Бұл тұрғыда белгілі бір болжамға тоқтала қоймаған респонденттердің үлесі басқа бағалардың төмендеуі есебінен арта түскен, әсіресе, бейтарап пікірді ұстанатындардың есебінен (бір жылға қатысты: –3,3 п.т.; бір айға қатысты –6,3 п.т.). Дегенмен, біздің сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың жартысынан астамы келесі жылы АҚШ доллары қымбаттай береді деген сенімде (57,5%), ал үштен бірінен астамы – доллардың бағамы келесі айда да өсе береді деп есептейді (35,2%).
Бір қызығы, доллардың қымбаттауын бағалау барысында гендерлік алшақтық айтарлықтай қысқара түскені байқалды: ерлер жағы доллар бағамының келесі жылдағы өсу ықтималдығына төмендеу баға берген (–4,6 п.т., 57,8%-ға дейін; әйелдердің берген бағасы 1,7 пайыздық тармаққа жоғары, 57,2%-ға дейін), олардың келесі айға қатысты болжамдары да төмендеу (–2,6 п.т., 36,1%-ға дейін; әйелдердің бағасы 1,4 п.т. жоғары, 34,4%-ға дейін), негізінен екіұшты болжамдардың басым шығуы есебінен. Респонденттердің жас ерекшелігі аясында алып қарағанда, доллар келесі жылы өсе береді дегенге жастар жағы сенімді (66,4%, +1,5 п.т.), ал 45 жастан 59-ға дейінгі респонденттер тобы доллар бағамы бір айдың ішінде өсуі ықтимал деген болжам айтады (41,2%, +2 п.т.). Доллардың келесі айда қымбатай түсетінін Түркістан облысы (43,2%) мен Шымкент қаласының (42,4%) тұрғындары айтып отыр. Ал доллар бағамы келесі жылы да өсе береді деген болжамға Жамбыл облысы (68%) мен Алматы (66,5%), Астана (64,5%) қалаларының тұрғындары көбірек тоқталған.
Еңбек нарығына қатысты сұрақтар бар…
Қыркүйек айында жұмыссыздық бойынша күту индексі 4,5 тармаққа төмендеп кеткені байқалды: 71,4 тармаққа дейін (2023 жылдың қыркүйегінде 71,7 тармақ болатын), яғни тұтынушылар тарапынан еңбек нарығына қатысты алаңдаушылық деңгейі өсіп келеді деуге толық негіз бар. Респонденттердің бұл тұрғыдағы толғанысына – алдағы 12 айда елдегі жұмыссыздар саны ұлғайып өседі деп пайымдайтын тұтынушылар үлесінің артуы (42,8%, 5,2 п.т.) септік етсе керек.
Негізі, еңбек нарығындағы жағдайға қатысты ерлердің алаңдаушылық көрсеткіші ептеп болса да төмендеу (42,3%, әйелдер тарапынан алаңдаушылық көрсеткіші: 43,2%), бірақ қыркүйек айында бұл тұрғыда ерлер тарапынан берілген бағалардың дені пессимистік сипат алды (+5,5 п.т., әйелдерде: +4,9 п.т.). Жұмыссыздық алдындағы үрей, әсіресе, зейнеткер жасына таяп қалған ересектер (45,5%, +5,5 п.т.) мен зейнеткер жасындағы респонденттерге тән (45%, +6,4 п.т.), алайда бұған дейін оптимистік ұстанымда болған жастар тобы қыркүйек айында еңбек нарығына қатысты мейлінше пессимистік болжамдарға көбірек тоқталды (+5,6 п.т., 40,9%-ға).
Жұмыс орындарының қысқаруына қатысты алаңдаушылық әдеттегідей еліміздің батыс өмірін мекендейтін отандастарымызға тән, атап айтсақ, Атырау (58,7%), Батыс Қазақстан (56,1%) облыстарындағы, сондай-ақ бұл қатарда Жамбыл облысының (56,4%) тұрғындары да бар. Жұмыссыздық мәселесіне мән бере қоймаған өңірлер деп Павлодар облысы (30%) мен Астана қаласын (37,4%) айтуға болады.
Сенім болғанымен, кредит алуға құлықты емес
Кредит алу жоспары жоқ тұтынушылардың үлесі ептеп болса да артып келеді – кредит қаражатын алуды көздейтіндер үлесі 0,4 пайыздық тармаққа өскен (17,9%-ға дейін), ал кредит қаражатын «келесі жылы да алмаймын» дейтін респонденттер үлесі 0,5 пайыздық тармаққа өскен (79,9%-ға дейін), бірақ бұл арада кредитке қатысты нақты бір шешімге тоқтала қоймағандардың үлесі төмендей түскенін де есепке алу керек. Кредит алу жоспары бар тұтынушылардың артуы негізінен ерлердің (+1 п.т., 18,6%-ға дейін, әйелдерде –0,2 п.т., 17,2%-ға дейін), ең жас респонденттер (+2,1 п.т., 22,3%-ға дейін) мен ересектер тобының (+3,8 п.т., 8,8%-ға дейін) есебінен орын алған. Өңірлер аясында қарастырар болсақ, кредит алуды жиі жоспарлайтын тұтынушылар көбіне Түркістан облысында (28,9%) тұрып жатса керек, ал кредит алу белсенділігі төмен өңірлер деп Батыс Қазақстан (9,7%) және Ұлытау (7,8%) облыстарын айтуға болады.
Айта кету керек, қыркүйек айында кредиттік сенім индексі 36,5 тармаққа дейін төмендеп, 0,2 тармақ жоғалтты, бұл наурыз айындағы көрсеткішке қайта оралумен пара-пар жағдай. Респонденттердің берген бағаларында бұл жолы да полярлық сипат байқалып қалды: кредит құралдары бойынша нақты бір бағаға тоқтала алмағандардың үлесі (22,1%, –7,6 п.т.) оптимистік (16,5%, +2,9 п.т.) және пессимистік (50,2%, +3,3 п.т.) ұстанымдағы бағалардың пайдасына ішінара қайта бөлінді.
Гендерлік тұрғыда кредиттік сенімнің өсуін әйел респонденттер көрсетіп отыр (+1,2 тармақ, 37,8 тармаққа дейін, ерлердің көрсеткішінде 1,7 тармаққа төмендеу бар: 35,1 тармаққа дейін). Респонденттердің жас ерекшелігі бойынша алып қарасақ, кредиттік сенім көрсеткіші ересек жастағы тұтынушылар тарапынан белсенді түрде өсіп келеді: 45 – 59 жастағылар арасында 1,6 тармаққа (37 тармаққа дейін), ал 60 жастан жоғары тұтынушылардың арасында 0,9 тармаққа (35,6%-ға дейін). Бір ерекшелігі бұл екі топқа тән кредиттік сенім көрсеткішінің өзіндік экстремалды сипаты да жоқ емес, атап айтсақ, 45–59 жастағы қазақстандықтардың кредиттік сенімі мейлінше жоғары, ал ең ересек жастағы тұтынушылар тобының кредит құралдарына деген сенімі бұрынғысыныша ең пессимистік деңгейде қалып отыр. Өңірлер бойынша кредиттік сенімнің мейлінше жоғары деңгейі Ақмола (41,5 тармақ, +9,6 т.) және Қызылорда (41,8 тармақ, +0,3 т.) облыстары тұрғындарына тән болса, ең төмен деңгейді – бұл жолы да Атырау облысының тұрғындары көрсетіп отыр (26,2 тармақ, –10 т.).
Депозиттік сенім индексі қыркүйек айында өзгеріссіз қалды, яғни 55 тармақ көрсеткішінен ауытқыған жоқ. Бұл арада да жинақтау құралдарына қатысты нақты бір баға бере алмағандардың үлесі (–6,8 п.т., 22,9 тармаққа дейін) біркелкі дерлік оптимистік (+2,4 п.т., 37,4%-ға дейін) және пессимистік (+2,5 п.т., 24,9%-ға дейін) бағаларға тоқталған респонденттердің пайдасына бөлініп шешілді.
Депозиттік сенім көрсеткішінде қандай да бір өзгеріс болмағынымен, гендерлік тұрғыда депозиттерге деген сенім деңгейі әйел респонденттер тарапынан басым шығып отыр (+1,4 тармақ, 57,1 тармаққа дейін, ерлердің көрсеткішінде 1,7 тармаққа төмендеу байқалды, 52,7 тармаққа дейін), яғни бұл арада гендерлік алшақтық аясы ұлғая түскенін көре аламыз. Респонденттердің жасы ұлғайған сайын сенім деңгейінің төмендеу тенденциясы жалғасуда, дегенмен қыркүйекте жастарға қарағанда (ең жас респонденттерде –3,4 тармақ, ересектеу жастарда –0,3 тармақ) ересек жастағы респонденттер тобының (45–49 жастағыларда +2,5 тармақ; 60-тан асқандарда +1,5 тармақ) депозиттік сенімі жоғары шығып отыр. Депозиттерге деген жоғары сенім Қарағанды облысының (58,6 тармақ, +2,1 т.), Алматы (58 тармақ, +0,9 т.) және Шымкент (58,5 тармақ, +6 т.) қалаларының тұрғындарына тән десек, ең төмен сенім Жетісу облысы тұрғындары тарапынан байқалған (49,3 тармақ, +1,4 т.).
Қоңыр күздің жайбарақат күндері
Шілде айында біздің сауалнамаға қатысқан респонденттердің жартысынан астамы өздерінің көңіл-күйін «жайбарақат қалыпта» деп сипаттаған болатын, біздің байқауымызша бұлардың үлесі біртіндеп артып келеді (+0,7 п.т, 57%-ға дейін), бірақ респонденттердің үштен бірі (36,9%, –2,3 п.т.) қыркүйекте өздерін мазасыз сезінгенін жасырған жоқ, осының аясында индекс 120,5 тармаққа жетті (+4,5 т.). Гендерлік тұрғыда мазасыз көңіл-күйге әдетте ерлер жағы бой бере қоймайды (33,1%, +2,8 п.т.), бірақ қазір әйелдер де өздерінің көңіл-күйін жайбарақат деп сипаттауға бейім (+5,2 п.т., 31%-ға дейін). Жас топтары бойынша алып қарасақ, мазасыздық деңгейі негізінен 45–59 жастағы тұтынушылардың арасында жоғары, олардың бір бөлігі (43,4%) қыркүйекте өздерін мазасыз көңіл-күй жайлағанын айтып өтті. Мазасыздықтың жоғары деңгейі қыркүйекте негізінен Ұлытау облысы (41,1%) мен Алматы қаласының (43,3%) тұрғындарына тән болған, ал төмен деңгейі Ақтөбе облысы тұрғындары (28,5%) арасында байқалған.
Қыркүйек айында сондай-ақ стресске бой бермейтін тұтынушылар қатары да арта түскен (46,8%, +6,3 п.т.), бірақ әрбір оныншы респондент стресспен күн сайын бетпе-бет келетінін айтып өткен (+0,1 п.т., 10,8%-ға дейін). Стресске жиі ұшырайтындардың арасында әйел респонденттердің үлесі басым (55,4%, ерлердің көрсеткіші: 45,9%). Сол сияқты, стресспен бетпе-бет келетін респонденттердің қатарында ересек жастағы жастар көбірек (54,5%), олардан ең жас топтағы тұтынушылар да алыс емес (53,9%). Өңірлер бойынша алып қарағанда стресс жағдайына жиі ұшырау көрсеткіші алматылықтар (61,5%) мен астаналықтарда (57,9%) жоғары. Есесіне Маңғыстау (42,4%), Алматы (46,2%), Қарағанды (46%) облыстарының тұрғындары арасында стресске ұшырайтындар сирек кездеседі.
Қыркүйекке тән тұрақтылық
2024 жылдың қыркүйегінде тұтынушылық сенім индексі оптимистік аймақта бекіп, нығаюын жалғастыра отырып, баяу өсу тенденциясына қайта оралды. Алдыңғы айлармен салыстырғанда қазақстандық тұтынушылар ел экономикасының болашақ ахуалы туралы оң көзқарас таныта бастады, дегенмен олар өздерінің жеке экономикалық жағдайын ұстамды сипатта деп айқындайды.
Қыркүйекте ел бойынша 14 өңір оптимистік аймаққа келіп жайғасты, бірақ ересек жастағы тұтынушылар тобы пессимистік аймақтан әлі де шыға алмай отыр. Әйел респонденттердің арасында тұтынушылық күту көрсеткіштері біршама жоғары – олар оптимистік аймақтағы позицияларын нығайтуды жалғастыруда, ал ерлер жағы тұтынушылар сенімінің бейтарап аймағына жақындап қалды.
Халықтың инфляциялық күтулері нақты көрсеткіштен жоғары және бұл арада баға динамикасы бойынша болжамдардың дені бір айға қатысты да, бір жылға қатысты да пессимистік сипатта қалып отыр. Дегенмен, азық-түліктің негізгі түрлері мен коммуналдық және байланыс қызметтерінің қымбаттау мүмкіндігі туралы тұтынушылардың күту көрсеткіштері біртіндеп төмендей бастаған.
Кредит және депозит көрсеткіштері мен кредит алуды жоспарлау тұрғысында айтарлықтай өзгеріс жоқ, тіпті ірі көлемде дүние, зат сатып алу үшін қолайлы жағдай индексінің төмендеуіне қарамастан. Бірақ тұтынушылар тарапынан еңбек нарығындағы жағдайға алаңдаушылық деңгейі артып келеді. Халық арасында күйзеліске ұшырап, мазасыздыққа бой беру сынды жағдайлар бүкіл республика бойынша сирек кездеседі, бірақ қыркүйек айында әрбір төртінші қазақстандық тұтынушы өзін қаржы мәселесі алаңдатып отырғанын жасырған жоқ.