Шымкентте жылына 200 мың аяқ киім шығаратын фабрика іске қосылады

Жарияланды
Шымкентте 200 мың аяқ киім шығаратын фабрика ашылады/ фото: kursiv.media

Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта өндіріс әлеуетін нығайту қолға алынуда.

Экономикалық аймақ аумағы – 200 гектар. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аймақтағы «Nappa.kz» ЖШС аяқ киім шығаратын фабриканы іске қосатынын мәлімдеді. Аймақта тіркелгеніне бір жыл толған кәсіпорын жылына 200 мың аяқ киім шығармақ.

Аталған ЖШС 2020 жылы ашылған. Ашық дереккөздерге сүйенсек, бюджетке 61 516 522 теңге салық төлеген.

Нысан құрылысы 2024 жылдың аяғына дейін аяқталады деп жоспарланған. Жоспар бойынша фабрикада 60-қа жуық адам жұмыс істейді. Маңызды жобаға 400 млн теңге жұмсалуда.

«Бүгінгі таңда өндірістік нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Технологиялық жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде», – деп хабарлады ведомство.

«Оңтүстікке» салынған инвестиция 60 млрд теңгені құрады. Өндіріс көлемі  156,4 млрд теңге болды.  

2024 жылдың алты айында Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласында құны 96 млрд теңге тауар өндірілген. Киім шығару 11,5%-ға артқан.

Сондай-ақ оқыңыз