«Кураторлар ғана ресми ақпарат береді» – Халықаралық орталық «Болашақ» бағдарламасының қатысушыларын сақ болуға шақырды
Алаяқтар енді «Болашақ» бағдарламасының әкімгері атынан хат жолдауға көшті. Халықаралық бағдарламалар орталығы шәкіратақы иегерлерін осы жайында ескертті. Оған қоса үміткерлерді де сақ болуға шақырды. Ғылыми тағылымдамаларға қатысатындар да абай болуға тиіс.
Жымысқы әрекет жасауға бел байлағандар SMS-хабарлама жіберіп, құпиясөз сұрайтын болған. Оған қоса қаражат аударуды талап етеді.
«Соңғы уақытта алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті. Халықаралық бағдарламалар орталығы ешқашан тексеру кодтарын сұрамайды және ақшалай қаражат талап етпейді. Барлық ресми ақпарат біздің ресми байланыс арналары немесе кураторлар арқылы ғана жіберіледі», – деп түсіндірді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметі.
Ведомстволар интернет алаяқтар мен оларға көмектесетіндерді қатаң жазалауды қарастыруда. Қазақстан олармен күресу үшін халықаралық заңнамаларға сүйенбек. Желілер мен мессенджерлерді оңтайлы құрал ретінде пайдаланатын хакерлер қазақстандықтрадың жеке деректерін ақшаға сатқаны анықталды.