Жаңалықтар

«Бұлтты» технология нәтижесінде Еуропадағы ең ірі IT компанияның акциялары рекорд орнатты

Фото: SAP

SAP Cloud бағдарламалық жасақтамасын жасаушы германиялық компания «бұлтты» технологиялардан түскен кірістің 25%-ға өскенін мәлімдеді. Бұл компанияның жергілікті бағдарламалық жасақтамадан бас тартып, «бұлтты» шешімдерге ойысуымен және жасанды интеллектіні (ЖИ) бизнеске енгізуімен байланысты.

Компанияның акциялары Франкфурт биржасында 5%-ға өсіп, тарихи тұрғыдан ең жоғары деңгейге жетті деп хабарлады CNBC. Бұған дейін Нью-Йоркте компанияның депозитарлық қолхаттары 3,5%-ға көтерілсе, сейсенбі күні премаркетте тағы 5%-ға артты.

Дәлірек айтсақ, үшінші тоқсандағы есебінде SAP Cloud кірісі 4,35 млрд еуроға жеткен. SAP бас директоры Кристиан Кляйннің айтуынша, үшінші тоқсанда компанияның «бұлтты» қызметтер бойынша келісімдерінің шамамен үштен бірі ЖИ шешімдерін қамтыған.

SAP-тың «бұлтты» технологиялардан түскен кірісінің өсуі аналитиктердің болжамдарына сәйкес келеді, деп жазды Bloomberg. Компанияның келесі 12 айда резервтелетін сатылымдарын көрсететін «бұлтты» шешімдерге арналған бэклогы да 25%-ға өсіп, 15,4 млрд еуроға жетті.

Үшінші тоқсанда SAP-тың жалпы кірісі 9%-ға өсіп, шамамен 8,5 млрд еуроға жетсе, операциялық пайда 29%-ға артып, 2,2 млрд еуродан асты. Бұл аналитиктердің болжамдарынан жоғары болды.

Үшінші тоқсанның нәтижелері бойынша SAP компаниясы 2024 жылға арналған болжамын көтерді – «бұлтты» бизнес пен бағдарламалық жасақтама кірісінен 29,5-29,8 млрд еуро табыс күтеді (бұрынғы болжам 29-29,5 млрд еуро болатын). Компанияның жаңа есептеулері бойынша, еркін ақша ағыны 3,5-4 млрд еуроға жетеді, бұрынғы болжам 3,5 млрд еуро болатын.

2025 жылға арналған болжам өзгеріссіз қалды. Дегенмен Barclays сарапшылары бұл көрсеткіштерді консервативті деп бағалады деп жазды Reuters.

SAP – Еуропаның технологиялық секторындағы маңызды компанияның бірі. Әрі АҚШ инвесторларының назарын үнемі өзіне аударып келеді: қазір SAP акцияларының шамамен 38%-ы АҚШ инвесторларына тиесілі. Бұл 2010 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жақын, деп хабарлады Bloomberg.

Жыл басынан бері SAP акциялары шамамен 50%-ға қымбаттады. 15 қазанда компания ASML-ді артқа тастап, уақытша Еуропаның ең қымбат технологиялық компаниясы атанды. Бұл ASML акцияларының соңғы 26 жылдағы ең нашар құлдырауынан кейін орын алды. Қазір SAP ASML, Novo Nordisk, LVMH және Hermes компанияларымен бірге Еуропалық Одақтағы ең қымбат бес компанияның қатарына кіреді. MarketWatch деректері бойынша, SAP акцияларын бақылайтын 15 аналитиктің 12-сі оларды сатып алуды, ал үшеуі ұстап тұруды ұсынған. Сатуға қатысты ұсыныс жоқ. Уолл-стриттің SAP депозитарлық қолхаттарына берген консенсус бағасы – 251 доллар. Бұл дүйсенбі күнгі саудада жабылған бағадан 9,4%-ға өсу мүмкіндігі бар екенін