Kcell компаниясы нарықтан тағы 30 млрд теңге тартуға ниетті. Бұған дейінгі облигациялық бағдарлама 70 млрд теңгеден 100 млрд теңгеге жетпек. Нәтижесінде ақционерлік қоғам биржадан 100 млрд теңге қарыз алады. Бұл туралы Қазақстан қор биржасына жіберген хабарламасында жазылған.
Компанияның купондық облигациялары Astana International Exchange алаңында орналастырылады. Kcell бұған дейін осы бағдарлама аясында үш траншпен 70 млрд теңгенің бағалы қағазын шығарған. Бұл қағаздың пайыздық мөлшерлемесі өзгермелі болды.
Бастапқыда Kcell нарыққа 700 облигация шығарып, сырттан 70 млрд теңге тартты. 11 маусымда компания екінші шығарылымды орналастырып, 25 млрд теңге тартуды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Енді шығарылатын 1 купондық облигацияның номиналы – 100 млн теңге. Айналым мерзімі – шығарылған күннен бастап, 12-36 ай аралығы. Бағдарлама мерзімі 2030 жылға дейін деп бекітілген.
Kcell – Қазақстандағы ірі ұялы байланыс операторларының бірі. Жақында KC HOLDING LTD компаниясы акционерлердің қатарына 14,87% үлесімен қосылды, бірақ акциялардың түпкі иесі өзгерген жоқ. Ғалымжан Есенов енді акцияларын АХҚО-да тіркелген компаниясына берді.
Негізгі акционері – «Қазақтелеком» АҚ 51%-ға ие болса, ал «First Heartland Jusan Bank» АҚ-на 9,08% тиесілі. 2024 жылдың бірінші жартысында Kcell-дің таза кірісі үш есе қысқарып, ал операциялық және салық салынғанға дейінгі пайда да едәуір төмендеді.
18 қазанда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Kcell-ді бәсеке ортаға беру қажет деп мәлімдеген.