Qazaq Bank-тің бұрынғы акционері, марқұм Бақыт Ибрагимнен тәркіленген коттедж қайтадан сатылымға шықты. Бағасы 380 млн теңге

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: e-auction.gosreestr.kz, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Qazaq Bank-тің бұрынғы акционері және Алматының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаевтың күйеу баласы болған Бақыт Ибрагимнен тәркіленген коттедж қайтадан сатылымға қойылды. Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасы мүлікті осы жолы 380 миллион теңгеге сатпақшы.

«Тұрғын үйдің жалпы ауданы 272,5 шаршы метр, 2003 жылы салынған және Медеу ауданындағы Керей мен Жәнібек хан көшесінде орналасқан. Үйдің жағдайы қанағаттанарлық. Бағалау құны — 380 323 243 теңге, бағалау күні: 2024 жылдың 21 тамызы», — деп жазылған хабарландыруда.

Сауда-саттық 5 қарашаға жоспарланған. Аукционға қатысушылар 57 млн теңге кепілдік жарнасын құюы шарт.

Дәл осы үйді екі жыл бұрын 270 миллион теңгеге сатпақ болған. Алайда сауда-саттық нәтижесі жарамсыз деп танылған.

Бақыт Ибрагим 2017 жылдың маусымына дейін Qazaq Bank-тің директорлар кеңесінің төрағасы болған, ал 2018 жылы оның банкте 10,5% үлесі болған.

2018 жылы Бақыт Ибрагим Германиядан экстрадицияланып, Bank RBK-дан қаржы жымқырғаны үшін 8 жылға сотталған болатын. Биыл оның тергеу изоляторындағы уақыты есепке алынып, мерзімінен бұрын босаған. Оның уақытша тергеу изоляторында отырған 1 күні 1,5 күн болып есептеліп, мерзімі қысқарған еді. Бақыт Ибрагим 2024 жылдың наурызында қайтыс болды.

Bank RBK ісі бойынша жалпы саны 36 адам сотталған. Негізгі айыпталушы Жомарт Ертаев әлі де түрмеде отыр, оның жазасы 2021 жылы 9 жылға дейін қысқартылған.

Сондай-ақ оқыңыз