Саран қаласындағы тұрмыстық техника шығаратын зауыт құрылысына Ұлттық қордан 5 млрд теңге бөлінген. 2023 жылы іске қосылған кәсіпорын Қарағанды облысындағы Саран индустриалды аймағында РТИ зауытының орнында орналасқан. Қазір зауыт шығарған өнім Artel брендімен шығып жатыр, алдағы уақытта Samsung брендімен теледидар мен кір жуғыш машина шығармақ.
Ұлттық экономика министрлігінің КursivМedia сауалына жолдаған жауабында зауытқа қаржы Президент жарлығымен және 2022 жылғы инвестициялық келісімдер мен сауда келісімшарттарын іске асыру жөніндегі жол картасы негізінде бөлінгені жазылған.
«Саран қаласындағы тұрмыстық техника өндіру жөніндегі жобаны іске асыруға 5 млрд теңге мөлшерінде нысаналы трансферт бөлінді», – делінген министрлік жауабында.
Саран қаласындағы тұрмыстық техника зауыты
Саран қаласындағы тұрмыстық техника шығаратын зауыт – Silk Road Electronics ЖШС-ға тиесілі. Кәсіпорын құрылысы 2022 жылы басталып 2023 жылы іске қосылғанымен, толық өндірісі биыл қосылған. Ресми дерек бойынша, зауыт жыл басынан бері 97 мың тұрмыстық техника шығарған. Алдағы уақытта бұл кәсіпорын өзінің өндірістік қуатын арттырып, 2027 жылға қарай жылына 1,1 миллион дана техника шығарып, өнімдерін ТМД елдеріне экспорттамақ.
Жоба құны шамамен 25 миллиард теңге. Соның 5 млрд теңгесі Ұлттық қордан алынған. Кәсіпорын бұрынғы «Қарағанды резинатехника» зауытының базасында орналасқан. Қазір зауыт Artel брендімен теледидар, электр сужылытқыш, шаңсорғыш, асүй плитасы мен желдеткіш шығарып жатыр.
Тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зауыт жұмысымен арнайы барып танысты. Сол кезде зауыт Samsung брендімен теледидар және автоматты кір жуу машинасын шығаруды жоспарлап отырғаны айтылды.
Silk Road Electronics ЖШС-ның үш құрылтайшысы бар: «Artel engineering and management» ЖШС, «Meridian Company» ЖШС және «Сарыарқа» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы.