Мұғалімдер бір ай еңбекақысыз жұмыс істей ме? Министрлік нысаналы мектептерге қатысты сауалға жауап берді

Жарияланды
«Жобаның мақсаты – мақсатты мектептердің білім беру процесінің сапасын арттыру»/фото: shutterstock

Нысаналы, мақсатты мектеп бастамалары мұғалімдер қауымын ғана емес, қоғамды, тіпті, парламент депутаттарын да дүр сілкіндіріп отыр. Ұстаздар қауымын алаңдатып отырған жайт – мектептерде бір ай тексеріс жүріп, мұғалімдер 100% тест тапсырады екен.

«Одан өтпесе, мектеп лицензиясынан айырылады. Ал мұғалімдер бір ай тегін жұмыс істемек», – деген ақпарат бар. Оған сенсек, түлектер де аттестатсыз қалмақ.

КursivМedia Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдап, нысаналы, мақсатты мектептердің егжей-тегжейін білді.

«Тестілеуден өтпеген педагогтерге әкімшілік шаралар қолданылатыны жайлы ақпарат жалған екенін тағы да ескертеміз», – деді министрлік.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «943-елдің мақсатты мектептерін дамыту» жобасы қосымша әдістемелік қолдауды қажет ететін мектептерде білім беру сапасын арттыруға бағытталған.

«Жобаның мақсаты – мақсатты мектептердің білім беру процесінің сапасын арттыру, әр мұғалімге кәсіби әдістемелік қолдау көрсету», – деп сендірді Оқу-ағарту министрлігі.

Министрлік бұл шара Президенттің тапсырмасы бойынша қолға алғанын алға тартады. Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Республикалық педагогтер съезінде ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатқанын және ұстаздардың біліктілігін арттыру қажет екенін атап өткен болатын.  

Сонымен қатар Үкіметтің бекітілген мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар. Соған сәйкес, педагогтердің әлеуетін жетілдіру қажет. Педагогтердің құзыреттілігінің жоғары деңгейі талап етіледі.

«Білім сапасын арттыру мақсатында, ҰБТ, МОДО, PISA және ПББ нәтижелерін саралай келе, әдістемелік көмекті қажет ететін мектептер айқындалып, номинальді түрде «мақсатты мектептер» деп аталды. Жүйелі жұмыс үшін «Өрлеу» БАҰО АҚ педагогтерді оқытудың арнайы бағдарламасын әзірледі, ал тестілеу педагогтің әрі қарай өзін-өзі дамытуы үшін негізгі қажеттіліктері мен басымдық берілетін тақырыптарды анықтауға септігін тигізеді», – дейді министрліктің баспасөз қызметі.

Десе де, бұл бастамаға наразы бір топ мұғалім Президентке ашық хат жазуға дейін барды. Ал Оқу-ағарту министрлігі болса, мұғалімдердің 95%-ы осы бастаманы қолдап отыр деп есептейді.

«Олар іс жүзінде жобаның оң нәтижесін сезінуде. Министрлік және ведомстволық бағынысты ұйымдар облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, 2024 жылғы 15-26 тамыз аралығында өңірлік тамыз конференциялары шеңберінде «Барлығына қолжетімді сапалы білім: мектептерді бірлесіп дамыту стратегиялары» тақырыбында секциялар өткізді», – дейді министрліктің баспасөз қызметі.

Министрліктің ақпаратынша, қазіргі уақытта барлық педагогикалық қауымдастықтың жұмысына нұқсан келтірмей, межеленген жоспардың сапалы жүзеге асуы қамтамасыз етіліп отыр. Осы мақсатта өңірлермен министрліктің кураторлары апта сайын жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

«Сонымен қатар мақсатты мектептермен тұрақты негізде жұмыс жүргізетін өңірлік Жобалық кеңселер құрылды. Мектеп әкімшіліктері мен жергілікті басшыларға жобаға тартылған педагогтерге қолдау көрсету туралы ұсыным берілді», – дейді министрліктің баспасөз қызметі.

Дегенмен кейбір парламент депутаттары жобаның заңсыз қолға алынғанын мәлімдеп отыр. Мәселен, мәжілісмен Жұлдыз Сүлейменова Премьер-министр орынбасары Дүйсенова Тамараның баяндамасына сүйене отырып, «Мақсатты мектептер» жобасын бекіту туралы Үкіметтің қаулысы жоқ екенін әлеуметтік желіге жазды.

«Қаулысы бекітілмеген, біліктілікті арттыру бағдарламалары құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жария талқыланбаған, Уәкілетті органның интернет ресурсында ашық жарияланбаған жоба – заңсыз. Жұмсалған қаражаты заңсыз», – деп көрсетті депутат.

Сондай-ақ оқыңыз