Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов цифрлық монополияға ешбір мемлекеттік реттеушінің қарсы күресе алмайтынын, үлкен компаниялардың мемлекеттік шекараға да мән бермейтінін атап өтті. Бұл туралы Турлов KURSIV ECOSYSTEMS форумында айтты.
«Монополияға қарсы реттеу жүйесі ескі деуге болады. Ол жүз жыл бұрын классикалық инфраструктуралық монополиялар кезінде пайда болған. Қазір реттеуші органдар цифрлық монополиямен не істеу болатынын білмейді», – дейді Турлов.
Кәсіпкердің айтуынша, әлемдегі әртүрлі елдердің реттеуші органдары үлкен корпорацияларға айыппұл төлетуге тырысқанымен, бұл монополияға қарсы күш бола алмайды. Керісінше, монополияның әлсіремеуі мемлекеттің оған қарсы күресетін тетігі жоғын көрсетеді.
«Мәселен, ЕуроОдақ Apple-ге чипті ашу туралы талап қойған. Яғни төлем мүмкіндігін компанияның өзі ғана емес, өзге де ұйымдар қолдана алуы керек болған. Apple ЕуроОдақтың талабын орындауға тырысты. Бірақ компанияны толыққанды бақылау мүмкіндігі жоқ болып шықты. Әзірге одақтың не істей алатыны белгісіз», – деді кәсіпкер.
Ол екінші жағынан монополияға қарсы күрес жергілікті компанияларға зардабын тигізуі мүмкін екендігін айтады. Яғни реттеуші органдар өз күші жететін, реттей алатын компанияларға шара қабылдап, ал реттей алмайтын әлемдік монополистерге ешнәрсе істемейді. Себебі цифрлық экожүйе шекараларға бағынбайды. Яғни мемлекет реттей алатындар қысымға тап болып, реттеуге шамасы жетпейтіндер монополия жасайды.
Кәсіпкер өз сөзінде әртүрлі компаниялардың басын қосу арқылы Freedom Holding Corp. өз эко жүйесін құрып, олардың әр салада лидерге айналғанын қалайтынын айтты. Мұның да алдағы уақытта монополияға алып келетінін атап өтті.
«Мен өз командама біз Қазақстандағы ең мықты сервиске айналуымыздың өзі жеткіліксіз деп айтамын. Себебі бізге неғұрлым жаһандық деңгейге шығу керек. Бізден әлдеқайда үлкен жаһандық компаниялармен бәсекелесу үшін жұмыс істеу керек», – дейді Турлов.
22 қазанда Алматыда KURSIV ECOSYSTEMS форумы өтуде. Форумды онлайн көруге болады.