Жаңалықтар

Талғарда адам зорлады деген күдікті изолятордан қашып кетті

Талғарда күдікті
Талғарда адам зорлады деген күдікті изолятордан қашып кетті / Фото: Асқар Ахметуллин

Алматы облысы Талғар ауданында адам зорлады деген күдікпен қамауда отырған азамат уақытша ұстау изоляторынан қашып кетті. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

«Уақытша ұстау изоляторынан адам зорлады деген күдікпен қамауда отырған азамат К. қашып кетті», – делінген полиция хабарламасында.

Күдікті азаматтың қашып кеткені белгілі болғаннан кейін, аймақтан шығатын негізгі жолдарда блок-бекеттер қойылған. Полиция қашқынды ұстау үшін «Сирена» жоспарын қосып, барлық күшті біріктіргенін хабарлады.

Бұған қоса, күдіктінің изолятордан қалай қашып кеткенін қызметтік тексеру арқылы анықтамақ.

Айта кетейік, Талғар ауданында 4 қазан күні бір топ адам арасындағы жанжалдан кейін 16 жастағы Шерзат Болат қайтыс болған. Оқиғадан кейін Алматы облысы полиция департаментіне жаңа басшы келген. Алматы облысы полиция бастығының орынбасары, Талғар ауданы полиция басшысы және бірнеше лауазымды полиция қызметкерлері жұмыстан кеткен.

Бұдан бөлек, Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры қызметінен босатылған.