Жауын кезінде таксиге тапсырыс беретін адамдардың көбеюінен оның бағасы шарықтап кетеді. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан KURSIV ECOSYSTEMS форумында Қазақстандағы Яндекс Go жетекшісі Тимур Байдүйсен айтты.
Оның айтуынша, ауа райының құбылуына байланысты такси бағасының шарықтап кетуі екі факторға байланысты болады. Біріншісі, таксиге тапсырыс беруші адамдардың күрт артуы, екінші сол маңдағы такси жүргізушілерінің аз болуы.
«Мәселен, өтіп жатқан форум айналасында жүрген жүргізушілердің шамамен 5%-ы бос делік. Форум аяқталғаннан кейін бәріміз жаппай тапсырыс берсек, сұраныс 20-30% артады да такси жүргізушілері жетпей қалады. Сол үшін бағаны көтеру арқылы сұранысты қалыпты ұстау мүмкін болады», – дейді Яндекс Go жетекшісі.
Ол сұраныс артқан кезде жүйенің автоматты түрде такси жүргізушілерін сол аймаққа шақыра бастайтынын айтады. Ал бағаның өсуі тікелей компанияға пайда әкелмейді. Себебі чек өскенмен Яндекс комиссиясы өспейді.
Тимур Байдүйсен такси бағасының қолжетімді болуына автокөлік бағасының өсуі, жүргізушілердің аз болуы секілді факторлар да әсер ететінін айтты.