Lifestyle

Қазақстанда арзан әуе билеттерді қалай алуға болады?

Қазақстанда арзан әуе билетін қалай алуға болады? / фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Әуе билеттерінен ақша үнемдеудің көптеген тиімді жолдары бар. Соңғы уақытта әуе компаниялар акциялар, жеңілдіктер және арнайы ұсыныстарды жиі жариялайды. Алайда арзан билеттерді табу үшін белгілі бір ережелерді ұстану маңызды.

Әуе компаниялардың акцияларын қадағалау

Әуе компаниялар көбіне арнайы акциялар ұйымдастырып, белгілі бір бағыттарға жеңілдіктер ұсынады. Мысалы, FlyArystan, Air Astana, SCAT сияқты компаниялар жыл сайын бірнеше рет үлкен жеңілдіктер жариялайды. Бұл акциялар кезінде билеттер 30-50%-ға дейін арзандауы мүмкін.

Қазақстандық және халықаралық әуе компаниялар арзан билеттерге арналған акциялар мен жеңілдіктерді жиі жариялап отырады. Мысалы, FlyArystan төмен бағалы тасымалдаушы ретінде белгілі бір уақыттарда өте тиімді ұсыныстар жасайды. Олардың белгілі уақытта жарияланған акциясы кезінде ішкі және халықаралық бағыттар бойынша билет бағалары 60-70%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

SCAT әуе компаниясы да жыл сайын маусымдық жеңілдіктерді ұсынады. Жазғы және қысқы демалыс маусымдары жақындағанда компания бірнеше бағытқа арзан бағалы билеттерді сатылымға шығарады.

Қазақстаннан халықаралық рейстерге оның ішінде Еуропа бағытындағы рейстерге Pegasus әуе компаниясы төмен бағамен билеттерді жиі ұсынып жатады. Акцияларды қадағалау үшін авиакомпаниялардың ресми сайттарына жазылып немесе арнайы хабарламаларды қосып қоюға болады.

Алдын ала брондау

Авиабилеттерді ертерек сатып алу әрдайым арзанға түседі. Ең тиімді кезең – ұшудан 2-3 ай бұрын. Әсіресе, халықаралық бағыттарда ұшатын болсаңыз, билеттерді алдын ала брондау маңызды.

Сонымен қатар ұшатын күндерге де байланысты баға өзгеруі мүмкін. Жұмыс күндері, әсіресе, сейсенбі және сәрсенбі күндері ұшатын билеттер көбіне арзан болады. Демалыс немесе мереке күндері билеттер қымбаттайды. Сол себепті, ұшу күндерін икемді түрде жоспарлау арқылы арзан билеттерді алуға болады.

Арнайы іздеу жүйелерін қолданыңыз

Aviata, Aviasales, Skyscanner, Google Flights сияқты сайттар арқылы түрлі авиакомпаниялардың ұсыныстарын салыстырып, ең қолайлы әрі тиімді билеттерді табуға болады. Бұл іздеу жүйелері акциялар мен жеңілдіктер туралы ақпаратты жылдам жеткізеді. Алайда интернетте іздеу жүйелерін пайдаланған кезде браузердің инкогнито режимін пайдаланған жөн. Себебі кейде билет бағалары бірнеше рет іздеуден кейін қымбаттай түседі. Бұл сіздің іздеу тарихыңызға байланысты. Сондықтан билет іздегенде браузердің инкогнито режимін немесе арнайы жасырын режимді пайдалану арқылы бұл жағдайдың алдын алуға болады.

Арзан авиабилет алу үшін алдын ала жоспарлау, икемділік және арнайы акцияларды қадағалау маңызды. Әуе компаниялар ұсынған жеңілдіктер мен акциялар арқылы сіз саяхатыңызды әлдеқайда тиімді бағамен жоспарлай аласыз.