Легионерлермен қош айтысқан «Барыс» хоккей клубы жаңа құраммен алғашқы жеңісіне жетті

Жарияланды 22 Қазан 2024 08:28

(жаңартылды 22 Қазан 2024 08:53)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Динамо мен Барыс ойыны өтті/ фото: hcbarys.kz

«Барыс» хоккей командасы Құрлықтық хоккей лигасының кезекті матчын Минскінің «Динамосына» қарсы өткізіп, 2:1 есебімен қонақта жеңіске жетті. Айта кетейік, бұл клубтаға ауыс-түйістен кейінгі алғашқы ойын болды.

Ойынның алғашқы кезеңінде алаң иелері есеп ашты. Кристофер Тирни 19-минутта шайбаны қақпаға дәл бағыттап, «Динамоны» алға шығарды.

Алайда, 35-минутта «Барыс» есепті теңестіріп, Алихан Өмірбеков қарсыластың қақпасына жауапты гол соқты. Ойынның шешуші сәті соңғы минутта орын алды: «Барыстың» капитаны Кирилл Панюков ойынның аяқталуына небәрі 30 секунд қалғанда жеңіс шайбасын қақпаға дәл бағыттап, командасына жеңіс сыйлады. Бұл нәтиже Ғалым Мамбетәлиевтің бас бапкер қызметіндегі алғашқы жеңісі болды.

Жеңіске қарамастан, «Барыс» тоғыз ұпай жинап, әлі де Шығыс конференциясының соңғы, 12-ші орнында қалып отыр. Келесі кездесу 23 қазанда «Сібірге» қарсы өтеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Барыс» хоккей клубы құрамадағы бірқатар шетелдік ойыншылармен қош айтысып, келісімшарттарын бұзған еді. Сонымен қатар клуб басшылығы да, бапкерлік құрамда жаңадан жасақталған.

Сондай-ақ оқыңыз