Pavlodar Open 2024 халықаралық шахмат турнирінің жеңімпаздары анықталды

Жарияланды 22 Қазан 2024 10:38

(жаңартылды 22 Қазан 2024 12:28)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Pavlodar Open шахмат турнирі / фото: Қазақстан шахмат федерациясы

21 қазанда Павлодарда халықаралық шахмат турнирі өз мәресіне жетті. Бұл турнирге әлемнің 17 елінен танымал гроссмейстерлер мен халықаралық шеберлер қатысты деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясы.

Федерацияның мәліметінше, 13-21 қазан аралығында Павлодардағы «Шахмат үйінде» швейцариялық жүйе бойынша 10 тур өтті. Турнир екі санатта болды: «Masters» (17 елден 96 қатысушы, оның ішінде 21 гроссмейстер мен 15 халықаралық шебер) және «Open», онда рейтингтері 2100-ден аспайтын 116 қатысушы бақ сынасты.

«Masters» турнирінің жеңімпазы армяндық 23 жастағы гроссмейстер Арам Акопян (рейтингі 2617) атанды. Ол 10 мүмкін ұпайдан 8 ұпай жинап, 5 миллион теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орынды 7,5 ұпаймен Дмитрий Бочаров (2526) иеленді. Үшінші орын үшін таласта Тимур Гареев (2541) 7 ұпай жинап, үздік болды. Жүлдегерлер 3,5 миллион және 2,5 миллион теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Сонымен қатар «Әйелдер арасындағы үздік нәтиже» және «Қазақстандық шахматшылар арасындағы үздік нәтиже» номинацияларында үздік шыққан ойыншылар да марапатталды. Бұл номинацияларда бірінші орындарды иеленген Қазақстанның әйелдер құрамасының мүшесі, 45-ші Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасының күміс жүлдегері Алуа Нұрман (2356) және қазақстандық Азамат Өтегенов (2418) әрқайсысы 1 миллион теңге алды. Турнирдің жалпы жүлде қоры 24 миллион теңгені құрап, үздік 15 ойыншы ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Жабылу салтанатына Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова, облыстық шахмат федерациясының төрағасы Артур Шпейзер және KazChess өкілдері қатысты.

«KazChess еліміздің барлық өңірлерінде ірі халықаралық шахмат турнирлерін өткізуді мақсат етіп отыр. Бұл турнирлердің сапалы құрамы қазақстандық шахматшыларға ерекше тәжірибе беріп, шахмат спортына деген қызығушылықты арттырады. Pavlodar Open осы стратегияның жарқын мысалы», – деді KazChess президенті Тимур Турлов.

Сонымен қатар, «Open» турнирінде рейтингтері 2100-ден аспайтын 116 шахматшы бақ сынасып, 20 жастағы тараздық Абдусамат Арипов (2036) 8,5 ұпай жинап, 1 миллион теңге жүлде алды. Қызылордалық Нұрдәулет Танғатов (2096) пен астаналық Ален Сүлейев (2084) 8 ұпаймен сәйкесінше 2-ші және 3-ші орындарға ие болды. Екі қатысушы да 700 мың теңгеден алды.

Еске сала кетейік, бұған дейін шахматтан Қазақстан кубогы кезеңдері Өскемен және Ақтөбе қалаларында өткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз