Жаңалықтар

Өзбекстанда балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын заң нормасы енгізілді

Өзбекстан балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында заңға өзгеріс енгізді / Фото: коллаж kursiv.media

Өзбекстан балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын заң нормасын енгізді. Бұл жайлы елдің Әділет министрлігіне сілтеме жасай отырып, бұқаралақ ақпарат құралдары хабарлады.

«Президент Шавкат Мирзиёев отбасылық зорлық-зомбылықтан қорғау шараларын күшейтуге бағытталған өзгерістерді мақұлдады»,- деп хабарлаған ел басылымдары.

Өзбекстан президенті мақұлдаған бұл нормаға сәйкес, елдің Қылмыстық кодексі мен Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексіне өзгерістер енгізіледі.

Атап айтқанда, Өзбекстанның Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексінің 59-2-бабы отбасылық (тұрмыстық) зорлық-зомбылық және Қылмыстық кодекстің 126-1-бабы отбасылық (тұрмыстық) зорлық-зомбылық балаға тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін жауапкершілікті белгілейтін нормамен толықтырылады.

Сонымен бірге өзгеріске сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты істер бойынша екі тараптың татуласу процесі тек сот ісін жүргізу кезінде қаралады. Ал бұған дейін ерлі-зайыптылар тергеу сатысында татуласа алатын. Солайша іс сотқа дейін жабылатын. Енді тәртіп қатаңдайды.

Айта кетсек, мұндай заң Қазақстанда да қабылданды. Бұл заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 сәуір күні қол қойды. Заң әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейді. Сонымен қатар заңға отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілген.