Израиль Иранды «Хезболла» ұйымын қаржыландырып отыр деп айыптады. Euronews жазуынша, Тегеран Бейрут қаласындағы елшілікке ұшақпен ақша тасымалдап, сосын ұйым мүшелеріне таратады деген күдігін айтқан. Айғақ ретінде Ливандағы бункерде миллиондаған доллар мен алтын құймалар табылғанын мәлімдеді.
Израиль барлаушылары одан бұрын өлтірілген «Хезболла» көсемі Хасан Насралла жасырынған бункерді тапқан. Израильдің қорғаныс министрлігінің өкілі Даниэль Хагари Бейруттың оңтүстігінде орналасқан аурухана ғимаратының астындағы бункерде қомақты қаражат пен алтын құймалар сақталғанын хабарлады.
«Хезболланың қаржылық құрылымы екі негізгі табыс көзіне негізделген. Иран режимінің ақшасы және Ливан халқының ақшасы. Иранның «Әл-Құдыс» күштері Сирияда сатылған ирандық мұнай есебінен Хезболлаға ақша аударады. Иран ұшақпен қолма-қол ақша мен алтын салынған чемодандарды да жібереді. Бейруттағы Иран елшілігіне жібереді, содан кейін ақша тікелей Хезболлаға түседі», – деп мәлімдеді Даниэль Хагари.
Израильдің Қарулы күштері әзірше бункер табылған нысанды атқыламайды. Дегенмен әскери ұшақтар дүйсенбі күні Al-Qard Al-Hassan компаниясының ғимаратын жермен –жексен еткен. Аталған компанияны Израиль «Хезболланы» қаржыландырады деп кінәлаған.