Ментал жүк пен жауапкершіліктің қандай айырмашылығы бар?

Жарияланды
Фото: elements.envato.com

Бір басыңызда бірнеше шаруа бар: жұмыс үйіліп жатыр, үйдің тірлігі тағы бар. Одан қала берді бала-шаға мен олардың сабағы, үйірмесі мен қызығушылықтарын қосыңыз. Дәрігерге жазылып қойғансыз, ата-аналар жиналысына қатысып, сынып жетекшісінен балаларыңыздың үлгерімі туралы да сұрап отыруыңыз керек. Айдың ортасында келетін коммуналдық төлем шотын да ұмытуға болмайды. Қыз-қыз қайнаған өмірде осындай шаруаларға үлгерем деп шаршайтыныңыз анық. Кешке үйге келген соң сұлқ түсіп ұйықтай қалайын десеңіз, миыңызда тыныштық жоқ. Сан ой мазалайды. Мұндай күй әдетте ментал жүгі ауыр адамдарда болады. Бұл қандай жүк? Оның қандай зияны бар? Қалыпқа келу үшін не істеу керек? Осы туралы айтайық.

Ментал жүк деген не?

Ментал жүк немесе mental load деп сырт көзге көрінбейтін эмоциялық және интеллектуал еңбекті айтамыз. Ол шаруаның ішіне отбасылық тұрмыс-тірлік, жоспар, қабылдайтын шешім, мақсаттардың орындалуын бақылау кіреді. Осы істің бәрін ойлаймын деп адам рухани тұрғыда шаршайды. Былай қарасаңыз, физикалық жағынан күш жұмсап жатқан жоқ. Бірақ бойда шаршау бар. Осы күй көпшілікке таныс та болар.

Ең алғаш «ментал жүк» терминін франциялық суретші Эмманың салған комиксінен кейін қолданыла бастаған. 2017 жылы ол «Сұрай салсаң болар еді» (You should’ve asked) деген комикс салып жариялайды. Эмма осы туындысымен әйелдердің иығына артылатын ауыр ментал жүктің қатты құнсыздандырылатынын меңзеген еді. Тіпті отбасында екеуі де жұмыс істеп, үй шаруасын бөліп атқаратын болса да осы проблама бар. Modern family index жасаған зерттеуге сүйенсек, жұмыс істейтін аналардың 86 пайызы жұмыстан кейін үй жұмысын істеп, жоспарлап, бәрін ұйымдастырумен айналысады екен. Бір қызығы, күйеуінен көп табатын әйелдердің өзі осы ментал жүкті арқалайды. Яғни он жерден жұмыс істеп, көп ақша тауып жатсаңыз да, иығыңызға артылғаны — артылған. Зерттеу нәтижесіне қарасақ, әйелдер күйеуіне қарағанда балаларының сабағын үш жарым есе көп қадағалайды, мектептегі ерікті жұмыстарды үш есе көп алады, үйдегі шаруалардың атқарылуына және жоспарлануына 2 есе көп жауапты болады. 

Ментал жүк әйелдердің ғана мәселесі ме?

Айтқандай, ментал жүк көбіне әйелдерде кездеседі. Өйткені атам заманнан үйдің тірлігін істеу әйелдің мойнына жүктеледі. Бұрын ерлер сырттың жұмысын істегенде әйелдің үйде отыратыны заңдылық еді. Ал қазір заман ағымына қарай әйелдер де ерлермен қатар жұмысқа шығады. Соған қарамастан, жұмыстан кейін үй шаруасы күтіп тұрады. Ер адамдарда ментал жүк қашан көбейеді? Әдетте жұмысында әлдебір дедлайн таяған кезде оларда осы мәселе туындайды. Бірақ мұның тұрмыстық тірліктердің айырмашылығы сол — белгілі бір уақыттан соң аяқталады. Ал үйдің шаруасы бітпейді.

Британиялық зерттеуші, гендер теңдегі туралы жазатын Кэролайн Криадо Перестің «Көрінбейтін әйелдер: Неге біз ерлерге ғана қолайлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз? Деректерге негізделген теңсіздік» деген кітабы бар. Сол жерден мына үзіндіні келтірейік: «Жұмыс істейтін әйел» деген сөз тіркесі — тавтология. Өйткені әйелдің бәрі жұмыс істейді. Басқаша болуы мүмкін емес. Айырмашылығы еңбегіне ақы төленіп-төленбейтінінде ғана. Криадо Перес McKinsey Global Institute жасаған 2015 жылғы зерттеудегі деректерді мысалға алады. Бүкіл әлемде әйелдерге үй тірлігінің 75 пайызына ақша төленбейді деседі. Олар күніне 3-6 сағатын үй шаруасына жұмсаса, ерлер 0,5-2 сағатын арнайды. Кей елдерде айырмашылық тіпті көп. Мысалы Үндістанда әйелдер үй шаруасына орта есеппен 5 сағат кетірсе, ерлер бар болғаны 13 минутын жұмсайды екен. Перестің айтуынша, гендерлік айырма сонау бала кезден басталып кетеді. Мысалы бес жасар қыздың мойнына артылатын жүк үйдегі ағаларына қарағанда әжептәуір көп.  

Жауапкершіліктен қандай айырмашылығы бар?

Көбіне ментал жүкті жауапкершілікпен қатар қойып, екеуі бір деп жатады. Бірақ бұл екі түсініктің айырмашылығы бар. Ұқсас екені рас. Десе де, тең деп айтуға мүлдем келмейді. Алдымен жауапкершілік деген не екеніне тоқталайық. Бұл — біздің өз сөзімізге, іс-әрекеттеріміз бен бізге тәуелді адамдарымызға жауап беретін ішкі қабілетіміз. Ал ментал жүк болса, күн сайын өзгеріп отыратын түрлі іс пен қамқорлықтан тұратын тізім. Мысалы жауапкершілігі төмен адамдар ментал жүктен жапа шекпейді. Өйткені олар мойнына шаруа ілмейді, басқа адамға аудара салады. Ал гипержауапты адамдар болса, бәрін өз иығына артып алғаннан ментал жүгі шамадан тыс көбейіп кетеді.

Ментал жүк көбейіп кеткенін қалай түсінуге болады?

Негізі әдеттегі шаршау мен ментал жүктің айырмашылығын байқау қиын емес. Мысалы Мельбурн университетінің зерттеушілері мынадай үш белгіден білуге болады дейді:

  • Білінбейді. Бұл шаршау сезімі адамның ішінде пайда болады. Сөйтіп ақысы төленбейтін, байқалмайтын ұйымдастыру және физикалық шаруалар істеуге әкеледі.
  • Шегі жоқ. Адамның бойында 24/7 жүреді. Жұмыс істеп, үй шаруасы істеп жатсаңыз да, тіпті демалып, ұйықтап жатсаңыз да маза бермейді.
  • Аяқталмайды.  Қанша шаруа істесеңіз де, қанша күш салсаңыз да бітпейді.

Ментал жүктің қандай зияны бар?

Егер үнемі ментал жүк бойыңызды билеп, шықпай қойса, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Мәселен мынадай қауіп туады:

  • Эмоциялық тұрғыдан қажып кетесіз. Міндеттер мен шаруалар туралы ой маза бермейді. Ол тірліктер мансапқа, қарым-қатынасқа, үйге қатысты болуы мүмкін. Бұл адамды қажытып жібереді. Ақыр соңы депрессияға ұласуы мүмкін. Әрі эмоциялық шаршау кезінде мотивация болмайды, мазасыздық артады, күшіңіз сарқылады.
  • Мида хаос болады. Оны ағылшынша mental mess деп атайды. Ойыңыз шашырап, дұрыс ойлана алмайсыз. Жұмыстағы міндеттерді атқару қиындайды. Нейробиолог Кэролайн Лиф «Миыңда тәртіп орнат: мазасыздықтан, стресс пен токсик ойдан құтылуға көмектесетін ғылыми дәлелденген 5 қарапайым қадам» деген кітабында мидағы хаостың белгілері мынадай болады дейді: ой жан-жаққа шашырайды, басыңыз болғанымен өзіңіздікі емес секілді сезіледі, ұйқыдан тұрғаннан шаршап оянасыз, мазасыздық бойды билейді, өзіңізге сенімсіз болып кетесіз, әр нәрсені ойлап уайымдай бересіз.
  • Ұйқысыздық. Ұйқысы қанбаған адамның көңіл-күйі болмайтыны белгілі. Қит етсе ашуланып қалады. Оның салдары денсаулыққа, жұмысқа не қарым-қатынас әсер етеді.
  • Өзіңізге қамқор болмай кетесіз. Отбасының мәселесін ойлаймын деп беріліп кеткеніңіз сонша, дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік, таза ауада серуендеу, хобби дегеннің бәрі жайында қалады.

Психологтар қандай кеңес береді?

Ментал жүкпен күресу үшін жазбаша практикалар жасауға болады. Осы әдістер жақсы көмектесуі мүмкін:

  • Бір күнде істеуіңіз керек барлық шаруаны бір параққа тізіп шығыңыз. Ойша білемін деп жүре бермеңіз. Басыңызда ұстамай, жазып қойыңыз.
  • Әр шаруаның қасына сол істі орындауға қанша уақыт жұмсайтыныңызды шамамен жазыңыз.
  • Сол тізіп шыққан істің бәрін орындауға уақытыңыз жете ме, анализ жасаңыз. Көбіне тау қопарамын деп күш салуға тырысып, іс жүзінде орындай алмай қалуыңыз мүмкін болып жатады. Сондықтан шынайы болған абзал.
  • Тізімнен қай шаруаны алып тастауға болатынын қарастырыңыз. Қайсысын біреуге тапсыра аласыз? Бір рет қана солай істеуге бола ма, әлде тұрақты солай бөлісуге бола ма? Айталық, балаларыңыз өсіп қалған болса, онда қоқыс шығару, ыдыс жуу, үй жинау сияқты тірліктерді тапсыра аласыз.
  • Егер ментал жүк тым көбейіп кетсе, онда бітпейтін тірліктер тізімін қарап шығыңыз да, оның қайдан пайда болғанын зерттеп көрген жақсы. Мысалы үй шаруасымен ғана айналысатын әйелдер көбіне «күйеуім жұмыс істеп шаршап келеді, мен үйде отырмын» деп өзін кінәлі сезінеді. Сөйтіп көпшілік арасында қалыптасқан «үйде ештеңе істемей, баламен отырған әйел» деген стереотиптің кесірінен қысылып-қымтырылады. Шындап келсек, үйде отырған әйел демалмайды. Бір күн ішінде істейтін шаруаларын қарасаңыз, мұрың сіңбіретін уақыты жоғын байқауға болады. Сол себепті істейтін шаруаның тізімін жасап, оны жолдасыңызға көрсетіп, ақылдасқаныңыз абзал. Осылайша күйеуіңіз сіздің қаншама тірлік істейтініңізді көріп, түсінеді. Үйде өзіңіз тазалықшы, өзіңіз күтуші, өзіңіз аспаз, өзіңіз жүргізуші екеніңізге қарап, жолдасыңыз құнсыздандыруын қояды. Тізімді көзбен көргенде өзіңіз де өзіңізді бағалай бастайсыз.  
Сондай-ақ оқыңыз