Қор нарығына шолу: екі банктің болжамы сәйкеспей тұр, ХВҚ жаһандық өсім болжамын өзгертті

Жарияланды
Фото: Shutterstock

Уолл-стриттегі екі ірі банк АҚШ қор нарығының дамуын бағалауда келіспей қалды. Халықаралық валюта қоры жаһандық өсім болжамын төмендетіп, тәуекелдер артуы мүмкін екенін ескертті. Ал Xiaomi компаниясы 3-нм чипті жасап шығарған болуы мүмкін. Осы және өзге де тақырыптар туралы 22 қазан күнгі әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

JPMorgan мен Goldman Sachs акциялардың кірісіне қатысты болжамдарымен келіспей отыр

Уолл-стриттің екі ірі банкінің стратегтері алдағы жылдары АҚШ қор нарығының қай бағытта дамитыны туралы әртүрлі қорытындыға келді, деп жазды Bloomberg.

S&P 500 индексі тарихи рекордтарды жаңартуға дайын болғанымен, Goldman Sachs стратегтері келесі 10 жылда қор нарығының айтарлықтай әлеуеті болмайды деп санайды. Олардың пікірінше, акциялар жылына тек 3% ғана кіріс әкелуі мүмкін. Себебі акциялар шарықтау шегіне жеткен, ал қазынашылық облигациялардың бағасы жоғары болып қала береді. Бұл ақшаның акциялардан облигацияларға ауысуына әкеледі.

Алайда JPMorgan сарапшылары неғұрлым қолайлы болжам ұсынады. Олар АҚШ-тың ірі компанияларының акциялары инвесторлардың портфелдерінің негізі болып қала береді және алдағы 10-15 жылда жылына 6,7% кіріс әкеледі деп санайды. Олардың пікірінше, ақыр соңында акциялардың бағасы төмендеуі мүмкін. Ал компаниялардың тұрақты негізгі көрсеткіштері басқа тәуекелдерді өтейді.

Bloomberg-тің хабарлауынша, стратегтердің әртүрлі болжамдары Уолл-стриттегі белгісіздіктің кеңірек сипат алғанын көрсетеді.

S&P 500 индексінің орташа кірістілігі 1957 жылдан бері жылына 11%-ды құрайды. 2024 жылдың басынан бері ол 22% кіріс көрсетіп, 2022 жылғы ең төменгі деңгейден 60%-ға өсті.

ХВҚ жаһандық өсім болжамын төмендетіп, тәуекелдер артуы мүмкін екенін ескертті

Халықаралық валюта қоры келесі жылға арналған жаһандық өсім болжамын төмендетіп, әскери қақтығыстар мен «сауда соғыстарының» тәуекелдері күшейіп жатқанын ескертті, деп жазды Bloomberg. Жаңартылған болжам бойынша, әлемдік ЖІӨ 3,2%-ға өседі, бұл шілдедегі болжамнан 0,1 пайыздық тармаққа төмен. Биылға арналған болжам өзгеріссіз – 3,2% деңгейінде қалды. 2024 жылы инфляция 5,8%-дан 4,3%-ға дейін баяулайды.

Еуроаймаққа қатысты болжам 1,2%-ға дейін төмендетілді, бұл шілдедегі көрсеткіштен 0,3%-ға аз. Қытай бойынша болжам да 5%-дан 4,8%-ға дейін төмендетілді, ал АҚШ бойынша болжам тұтынудың өсуіне байланысты 2,2%-дан 2,8%-ға дейін көтерілді.

ХВҚ-ның бас экономисі Пьер-Оливье Гуриншаның айтуынша, әлемдік экономикадағы белгісіздік артып келеді. «Аймақтық қақтығыстардың ушығу қаупі бар. Сондай-ақ протекционизмнің күшеюі және саудадағы үзілістер жаһандық белсенділікке әсер етуі мүмкін», – деді ол. Бұл факторлар 2026 жылға қарай әлемдік экономикалық өндіріс деңгейін шамамен 0,5%-ға төмендетуі мүмкін.

Өткен аптада ХВҚ әлемдік мемлекеттік қарыз мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Қарыз осы жылдың соңына қарай 100 трлн долларға немесе әлемдік ЖІӨ-нің 93%-ына жетеді деп болжанып отыр. Қарыздың өсуі АҚШ пен Қытайдың әсерінен болады. Қор үкіметтерді қарызды тұрақтандыру бойынша қатаң шаралар қабылдауға шақырды.

Bank of America және басқа да банктер облигацияларды ең жоғары бағамен сатып жатыр

Уолл-стриттегі ірі банктер ұзақ мерзімді өтеу мерзімі бар АҚШ-тың инвестициялық деңгейдегі облигацияларын сатуға кірісті. Атап айтқанда, мерзімінен бұрын 10 жыл ішінде өтелуі мүмкін 11 жылдық облигациялар сатылып жатыр, деп жазды Bloomberg. Bank of America облигацияларды бір траншпен сатуды жоспарлап отыр. Олардың кірістілігі 10 жылдық қазынашылық облигациялардың кірістілігінен 1,55 пайыздық тармаққа жоғары.

Bank of America – кірістілік туралы есептер сарапшылардың күткенінен асып түскеннен кейін активтерді сата бастаған жалғыз банк емес. JPMorgan Chase, Goldman Sachs және Morgan Stanley барлығы табыс туралы есептер жарияланғаннан кейін жоғары рейтингті облигацияларды шамамен 19,3 млрд долларға сатты.

JPMorgan-ның несие сарапшысы Кабир Каприхан банктер табыс нәтижелерін жариялағаннан кейін АҚШ-тың «Үлкен алтылығы» шамамен 20-24 млрд долларға активтер сататынын болжаған болатын. Бұл осы кезең үшін орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.

Айта кетейік, инвестициялық деңгейдегі облигациялар, эмитенттердің акционерлік құнына байланысты болғандықтан, қазір ең жоғары бағасында тұр.

Қытай 3-нм чипін жасап шығарған болуы мүмкін

Қытайдың бірнеше бұқаралық ақпарат құралдарында Xiaomi компаниясы смартфондарға арналған 3-нм чипін жасап шығарды деген ақпарат пайда болды. Алайда бұл ақпарат барлық ресурстардан тез арада жойылды, деп хабарлады Asia Financial. Егер бұл ақпарат шын болса әрі бірақ мерзімінен бұрын жарияланып кеткен болса, бұл Қытайдың маңызды технологиялық серпіліс жасағанын көрсетеді, дейді сала сарапшылары.

Кейбір сарапшылар Қытай TSMC (Тайвань) және Samsung (Оңтүстік Корея) сияқты сала көшбасшыларының өнімдерімен салыстыруға келетін процессор жасай алмайды деп сендірген болатын. ең озық 3-нм чипі өнімділігін жоғалтпай, әлдеқайда аз ресурстарды тұтынады.

Xiaomi жағдайға түсініктеме бермеді. Өткен жылы Huawei өзінің 7-нм чипін жасаған кезде бұл үлкен жетістік ретінде қабылданып, Вашингтонда алаңдаушылық тудырды. Өйткені АҚШ Қытайдың әскери құрылымдарының озық чиптерге қол жеткізуін шектеуге тырысты. Huawei бес жылдай АҚШ-тың қатаң санкцияларының астында қалғанымен, Xiaomi-дің Qualcomm сияқты компаниялардың мобильді чиптеріне қол жеткізгені бар.

Енді Qualcomm-ның Xiaomi және Қытайдағы басқа клиенттерімен келісімдері мұқият зерттелуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз