«Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) америкалық Wabtec компаниясынан 405 млн долларға жаңа Evolution сериялы локомотив сатып алмақ.
Бұл келісім ҚТЖ-ның ескірген локомотив паркін жаңартуға бағытталған. Ұлттық тасымалдаушының пойыздарын жаңарту Қытай мен Батысты байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік дәлізін тиімді пайдалануда маңызды.
Wabtec компаниясының хабарлауынша, локомотивтер тиімділігі, сенімділігімен ерекшеленіп, экстремалды ауа райы жағдайы мен таулы аймақтарда жүруге бейімделген. Сонымен қатар олар техникалық қызмет көрсету қажеттілігін азайтып, пайдалану шығындарын төмендетуге көмектеседі.
Локомотивтер америкалық технологиялар негізінде жасалғанымен, Қазақстанның Астана қаласындағы «Локомотив құрастыру зауытында» құрастырылады. Жаңа локомотивтерді жеткізу 2025 жылы басталады деп жоспарланған.
Айта кету керек, Wabtec 2024 жыл басында ресейлік «Трансмашхолдинг» акционерлік қоғамына тиесілі үлесті санкцияларға байланысты толығымен сатып алып, Қазақстандағы локомотив өндірісіндегі ықпалын арттырды. Қазір шетелдік компания Астанадағы зауытты толық иеленеді. 2023 жылы Wabtec 9,7 млрд доллар кіріс алып, таза пайда 825 млн долларға жеткен.
ҚТЖ-ның 2024 жылдың басындағы қарызы 2,9 трлн теңгеге жеткеніне қарамастан, компания өкілдері мен «Самұрық-Қазына» бұл қарызды аса қомақты борыш деп санамайды. Олардың айтуынша, ҚТЖ 2020 жылдан бері пайдаға шығып, қордаланған шығынды кезең-кезеңімен өтеп жатыр.
2023 жылдың күзінде АҚШ-тың Fortune 500 тізіміне кіретін Wabtec компаниясы Қазақстанның көлік-логистика саласына 1 млрд доллар салатыны хабарланды.