Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пунктіндегі кептелісті азайту үшін автокөлік жүргізушілеріне кезек беру процесі өзгертілетін болады.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сүйенсек, аймаққа келген жұмыс тобы «Нұр Жолы – Қорғас» пунктіндегі кезек алу процесін өзгерткен. Енді жүргізушілер форматтық-логикалық бақылаудан өтуі керек. Осы бақылаудан кейін ғана кезек алу және пунктінен өту уақыты мен күнін таңдау мүмкіндігі беріледі. Жұмыс тобы бұл алыпсатарларға кедергі келтіріп, тасымалдаушыларға қолайлы болатынына сенімді.
Қазір шекаралық аймақтағы көлік өткізу пунктінде екі аптаға кезек пайда болған. Осы кезекті пайдаланған кейбір азаматтар желіде кезекті сату туралы жарнама жасай бастаған.
Аймаққа келген жұмыс тобы құрамында Бас көлік прокуратурасы мен Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері болған. Комитет өкілдері 28 қазаннан Қытай шекарасында шетелдік рұқсат бланкілері болмағандықтан, оларды беру уақытша тоқтатылатынын хабарлады.