Жаңалықтар

«Жақсының жақсылығын айт»: Тоқаев Назарбаевқа қатысты пікір білдірді

Тоқаев Назарбаев
Фото: akorda, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ мемлекетін құрудағы ісін ұмытпау керек екендігін айтты. 

25 қазан – Республика күніне орай мемлекеттік наградаларды табыстау кезінде Тоқаев Назарбаевтың қызметіне қатысты пікір білдірді.

«Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күнінде біз Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегін атап өтуге тиіспіз. Оның қазіргі Қазақ мемлекетін құру ісінде шешуші тарихи рөл атқарғанын міндетті түрде айтуымыз қажет», – деді Тоқаев. 

Бұған қоса, ол Назарбаевтың ел алдындағы еңбегін ұмытпай, мәңгілік сақтау маңызды екенін атап өтті. Мұның ел болашағы үшін елеулі оқиға екенін айтты.

«Жақсының жақсылығын айт» деген халқымыз. Бүгінгі тарихқа әділ баға берілуі үшін кешегі тарих әділ бағалануға тиіс», – деді президент.

Президент ғылым, білім, мәдениет, денсаулық сақтау және спорт саласындағы үздіктерге мемлекеттік наградалар табыстады. «Парасат», «Құрмет», «Барыс», «Еңбек Даңқы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапаттады.