ҚМГ қытайлық компаниямен бірігіп Атырау облысында барлау жүргізеді. Учаскесінің геологиялық әлеуеті 185 млн тонна мұнайды құрауы мүмкін
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен China National Offshore Oil Corporation International Limited (CNOOC) компаниясы бірігіп, Атырау облысының Жылыой ауданында мұнай барлау жұмыстарын жүргізеді. Алдын ала бағалау бойынша, учаскесінің геологиялық ресурстық әлеуеті 185 млн тоннадан астам мұнайды құрауы мүмкін. Бұл туралы ҚМГ хабарлады.
Мәселені талқылау үшін елордада қос тарап өкілдері кездесті. Келіссөз барысында геологиялық барлау бойынга алдағы жоспарлар бекітілді. Атап айтқанда, аталған компаниялар жер қойнауы учаскесінде келесі жұмыстарды орындауға уағдаласты:
- 2D және 3D сейсмикалық барлау;
- 2000 метр тереңдікте бір тұзүсті барлау ұңғымасын бұрғылау;
- 3D сейсмикалық барлау деректерінің нәтижелеріне қарай тереңдігі 4500 метр барлау ұңғымасын бұрғылау.
Бұған дейін 2024 жылдың тамыз айында Бейжіңде ҚМГ мен CNOOC геологиялық барлау саласында ынтымақтастық орнату ниеті туралы келісімге келген. Осылайша, компаниялар аталған бағытта бірлесіп жұмыс істеуге қызығушылық танытқан еді.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ — Қазақстан Республикасының ұлттық мұнай-газ компаниясы. Ол мұнай барлау, өндіру, тасымалдау және өңдеумен айналысады.
China National Offshore Oil Corporation (CNOOC) — шикізат барлау және өндірумен айналысатын мұнай-газ саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Ол халықаралық серіктестермен белсенді ынтымақтастық орнатып, 20-дан астам елде ірі жобаларды іске асыруда.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы шілдеде «ҚазМұнайГаз» бен қытайлық CNPC Өріктауда өндірілген шикізатты Жаңажол мұнай-газ зауытында өңдеу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған.