Жаңалықтар

Асқар Жұмаділдаев, Нұрлан Оразалин, Бибісара Асаубаева: Республика күніне орай бірқатар азамат мемлекеттік награда алды

Асқар Жұмаділдаев, Нұрлан Оразалин, Бибісара Асаубаева: Республика күніне орай бірқатар азамат мемлекеттік награда алды / фото: akorda.kz

Республика күніне орай, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Марапатқа ие болғандар қатарында ғылым, білім, мәдениет, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және спорт саласының өкілдері бар. Олар ел игілігіне сіңірген еңбектері үшін «Парасат», «Құрмет», «Барыс», «Еңбек Даңқы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы 

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті А.Жұмаділдаевқа, елдің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін Алматы қаласы №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі Г.Нұрпейісоваға, Орал қаласы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Э.Траисоваға және өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін Қарағанды облысы «Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Г.Прокопқа берілді.

«Отан» ордені

«Отан» орденімен Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры С.Жошыбаев пен көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Оразалин марапатталды.

«Барыс» ордені

І дәрежелі «Барыс» ордені Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары А.Рауға, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі Н.Өнербайға, еңбек ардагерлері Қ.Жақыповқа, Ө.Озғанбаевқа, В.Редкокашинге және С.Шәкіратқа, Алматы қаласы «Persona» халықаралық клиникалық репродуктология орталығының басшысы В.Локшинге, ІІ дәрежелі «Барыс» ордені Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Н.Онжановқа және еңбек ардагері Ж.ШәріповкеІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсеноваға, шахматтан әлем чемпионы Б.Асаубаеваға, Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевқа, Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Сейдәзімовке табысталды.

Сонымен қатар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, ақын-жазушылар Т.Медетбек, В.Михайлов және И.Сапарбай «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ие болды. «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері: театр және кино актерлері К.Жұмабековке, Л.Кәденге, О.Коржеваға, И.Лебсакқа, Р.Махпироваға, Г.Шынтемірге және Ә.Ыдырышевқа, опера әншілері М.Мұхамедқызы мен Ж.Баспақоваға, дирижер А.Мұхитдинов пен күйші С.Тұрысбекке, сондай-ақ белгілі әнші М.Ілиясоваға берілді.

Бұдан бөлек, өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндіріс салаларының жұмысшылары мен еңбеккерлері ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін иеленді. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениеттің көрнекті өкілдеріне табысталды.

Жалпы биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға, еңбек әулеттерінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айрықша мән берілді. Марапат иелерінің қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар.