Lifestyle

Республика күніне орай Нью-Йоркте Қазақстанның туы көкке көтерілді

Нью-Йоркте Қазақстанның туы көкке көтерілді / фото: X.com NYCMayor

Республика күніне орай Нью-Йоркте ерекше шара өтті. 22 қазан күні Боулинг грин көшесінде Қазақстанның ұлттық туы салтанатты түрде көкке көтерілді.

Нью-Йорк қаласының мэрі Эрик Адамс Қазақстанның туын көтеру салтанатында сөз сөйлеп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы достық және ынтымақтастық қарым-қатынастарды жоғары бағалады. Ол Қазақстанның халықаралық аренада айтарлықтай жетістіктерге жеткенін, сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени және экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ салтанатты шарада Нью-Йорк қаласының халықаралық істер жөніндегі комиссары Эд Мермельштейн бұл шараға қатысып, Қазақстанның әлемдік аренадағы орны мен оның тарихи маңызы туралы сөз қозғады. Эд Мермельштейн өз сөзінде Қазақстанның Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде оның әкесіне және отбасына пана болғанын ерекше атап өтті:

«1940 жылдары Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде менің әкем мен оның отбасына пана болды. Сол ел сол қиын-қыстау уақытта Кеңес Одағынан келген көптеген адамға көмек көрсетті,» – деді Мермельштейн.

фото: X.com NYCMayor

Сонымен қатар, шараға Қазақстанның АҚШ-тағы өкілдері, халықаралық қауымдастық мүшелері, сондай-ақ қазақстандық диаспора өкілдері қатысты. Бұл күн Қазақстанның егемендігін дәріптеп, елдің халықаралық деңгейде беделін көтеру үшін маңызды оқиға болды.