Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі Ансар Қажмұқанұлына іздеу жарияланды
Танымал қазақстандық әнші әрі актриса Сиви Махмудидің бұрынғы күйеуі Ансар Қажмұқанұлына іздеу жарияланды. Бұл ақпарат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің жария сайтында жарияланған.
«Ансар Қажымұқанұлы 21.10.2024 ж. іздеу ісі «Астана» аймағында тіркелді. Іздеуді жүргізуші орган – Астана қаласы бойынша Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті», – делінген хабарламада.
Алайда іздеуге нақты қандай себеп түрткі болғаны туралы мәліметтер әзірге жоқ.
Айта кетейік, Ансар Қажмұқанұлы мен Сиви Махмуди он жыл бірге тұрып, 2021 жылы ажырасқан еді. Ансар мен Сивидің екі ұлы, бір қызы бар. Әнші бұған дейін әлеуметтік желіде күйеуімен ажырасқаннан кейін, мүлдем араласпайтынын айтқан.
Ансар Қажымұқанұлы туралы басқа ақпараттар аз болғанымен, ақпарат құралдарында 2022 жылы қылмыстық іске қатысы болу мүмкін деген ақпарат бар. Kursiv.media редакциясы бұл қылмыстық іске қатысты Сот кабинетіндегі құжаттарды тапты.
Кезінде ақпарат құралдарында да жазылған бұл іс бойынша бірнеше адам заңсыз әрекеттері үшін жауапқа тартылған болатын.
2021 жылы іздеуге жарияланған Балкибеков қамауға алынбау үшін Қажмұқанұлы арқылы полиция қызметкері Утеновпен байланысып, пара берген. Қажмұқанұлы ай сайын делдал болып полиция қызметкеріне 500 мың теңге сомасындағы ақшаны беріп отырған.
Сотта Қажмұқанұлы Ансар осы іс бойынша Утенов Т.А. мен Балкибеков Б.С.-тің іс-әрекеттеріне қатысты куәгер ретінде қарастырылған. Оның аты аталатын дәлелдерге сәйкес, Утенов Қажмұқанұлы А.-дан ақша алғанын мойындаған, бірақ бұл қаражатты заңсыз әрекеттер үшін емес, көлік сатып алу үшін бергенін мәлімдеген. Алайда, сот Утеновтың бұл мәлімдемесін негізсіз деп тауып, оны ақшаны алдау арқылы иемденді деген шешімге келді. Қажмұқанұлының куәлігі және іс бойынша жүргізілген сараптамалар Утеновтың кінәсін дәлелдеді.
Ал, істі болған тұлға мен құқық қорғау органдары қызметкерінің арасында делдал болған Қажмұқанұлы сол жолы қылмыстық қудалаудан құтылған. Дегенмен, іздеу жариялануы осы іске қатысты болуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі Kursiv.media журналисінің сауалына жауап бермеді.
Дегенмен, Сиви Махсудидің ақпарат құралдарына берген сұхбатында экс-күйеуі Жамбыл облысынан екенін және әкесіз өскенін айтқан.
Сот кабинетіндегі құжаттарда да Аңсар Қажмұқанұлының әкесі ертеректе қайтыс болғаны, анасымен тұратыны айтылған.
Kursiv.media осы іздеуді жариялаған Антикордан жауап күтетін болады.