Жаңалықтар

Қазақстанның экспорттық бағытқа арналған 12 млн астығы бар. Бұл көлем қандай елдерге сатылады?

Қазақстан астық экспорты бойынша жаңа бағыттарды іздеп жатыр / Фото: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Биыл диқандар егістерден мол өнім жинады. Енді сол өнімді қар түспей жинап алып, сақтау және сату міндеті тұр. Бұл шаралардың қалай жүзеге асатынын Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі түсіндірді.

Астық жинау мәселесі

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров астықты кептіріп, жинап алу үшін элеваторлар тәулік бойы жұмыс істеуі қажет деп санайды. Ол үшін Үкімет тарапынан барынша жағдай жасалып отырғанын айтады.

«Элеваторлардың тәулік бойы жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Жинау жұмыстарына бөлінген 362 мың тонна жеңілдікті дизель отынына қосымша, астықты кептіру үшін тағы 68 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді», – деді Сапаров.

Бұл орайда жұмыстарды үйлестіруді облыс әкімдіктеріне тапсыру қажет екенін айтты. Жергілікті атқарушы орган «Азық-түлік корпорациясына» астық жеткізу, тапсыру, экспортқа жөнелту және басқа өңірлерге тасымалдау қажеттілігі үшін элеваторлардың астықты тәулік бойы қабылдауларын қамтамасыз етуі қажет.

Әсіресе, әкімдіктер «Азық-түлік корпорациясының» форвардтық сатып алуы үшін астықты уақытылы жеткізуі маңызды. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта корпорация баға белгіліп, астық сатып алуға кіріскен. Алайда шаруалар астық өткізуге асықпай отыр.

«Астық нарығындағы ағымдағы жағдайды ескере отырып, Продкорпорация бидайды форвардтық сатып алу бағаларын белгіледі. Жарияланған бағалар барлық нарық қатысушысы үшін әділ қойылды. Өткен жылғы міндеттемелерді ұзарту және ағымдағы жылдың форвардтық сатып алу шарттарын ескере отырып, Продкорпорацияның қорларына шамамен 1,2 млн тонна астықтың түсуі күтілуде. Алайда қазіргі уақытта тек 239 мың тонна немесе 24%-ы ғана жеткізілді»,  – деді министр.

Әкімдіктердің жауапкершілігі

Осыған байланысты, Сапаров облыс әкімдіктеріне астықты «Азық-түлік корпорациясына» жеткізуді қамтамасыз ету қажет екенін ескертті. Сонымен бірге АШМ басшысы әкімдіктердің жұмысындағы олқылықтарға да тоқталып өтті. Айтуынша, жергілікті атқарушы орган министрлікке дұрыс деректер бермейді. Статистикалық мәліметтерде сәйкессіздік көп. Осыған орай премьер-министрден бұл мәселені шешуге атасалысуды сұрады.

«Әкімдіктер ұсынатын жедел деректер мен ресми статистика арасындағы сәйкессіздік бар. Жыл сайын егіс және егін жинау жұмыстарының қорытындылары бойынша берілетін жедел деректер 4-СХ және 29-СХ нысандары бойынша статистикалық есептермен сәйкес келмейді. Осыған байланысты, облыстар әкімдіктеріне деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуді және оларды статистикаға сәйкес келтіруді тапсыруды сұраймын», – деді Сапаров.

Астық қайда экспортталады?

Ал мол шыққан астық өнімдерінің қайда экспортталатыны жөнінде Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев айтты. Вице-министрдің мәліметінше, 2024 жылы ауа райының қолайсыздығына байланысты бірталай елде астық аз түскен. Осы орайда Қазақстанның жаңа экспорттық бағыттарға шығу мүмкіндігі бар.

Қазақстанның 2024 жылғы экспорттық әлеуеті 12 млн тонна астықты құрайды. Оның 7,5 млн тоннасы бидай. Бұл көлемді Қазақстан Түркия, Иран, Ауғанстан, ЕО елдеріне жеткізбек. Сонымен бірге Пәкістан, Индонезия, Бразилия, Малайзия нарықтарына жеткізу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Одан бөлек министрлік өкілі Арменияға 600 мың тонна, Италияға 1 млн тонна, Солтүстік Африка елдеріне 200 мың тонна бидай экспорттау мәселесі шешіліп жатқанын айтты.

Десе де әлем бойынша астық нарығы географиясының тарылуы бұл бағыттағы жұмыстарды қиындатып отыр.

«Қазақстанның бидай экспорты қаңтар-қазан айларында 3,13 млн тоннаны құрады. Бұған өткен жылғы өнімнің аз түсуі және дәстүрлі экспорттық бағыттарда бәсекелестіктің артуы себеп болды. Біз бидай экспорты нарығының географиясы тарылғанын байқадық. Негізгі экспорттық нарықтар – Италия, Түркіменстан, Ауғанстан елдері Ресей мен Қазақстан бидайын тұтынуды азайтты», – деді Төребаев.

Сонымен бірге қыркүйек айынан бастап Ресей өз территориясы арқылы бидай транзитіне тыйым салған. Министрлік бұл мәселені шешу үшін Ресей билігімен келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты.