Импорттық тауарлар қымбаттауы мүмкін – Жұманғарин алдағы уақытта қандай азық-түлік бағасы көтерілуі мүмкін екенін айтты
Қазақстанда отандық азық-түлік бағасы көтерілмейді, тек импорттық тауарлардың қымбаттау тәуекелі жоғары. Бұл жайлы Үкіметі сағатынан кейін өткен брифинг барысында премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин айтты.
Жиында журналистер Үкіметтің бензин бағасын реттемейтінін, сол себепті жанар-жағармай қымбаттауы мүмкін екенін айтты. Оған қоса соңғы уақытта ұлттық валютаның долларға қатысты құбылуы да елдегі бағаларға, әсіресе, импорттық тауарларға қысым көрсетіп жатыр. БАҚ өкілі бұл жағдайлардың ішкі нарыққа қалай әсер ететінін сұрады.
«Теңгенің әлісеруіне байланысты импорттық тауарлардың бағасы қымбаттап жатыр. Осы орайда ішкі нарықта азық-түлік бағасы қалай құбылуы мүмкін. Жалпы бағалардың көтеріліп кетпеуі үшін Үкімет қандай шаралар қабылдайды», – деді журналист.
Жұманғарин әлеуметтік маңызы бар тауарлар қымбаттамайды деп сендірді. Айтуынша, ішкі нарық әлеуметтік маңызы бар 10 тауармен толық қамтылған. Ал 14 түрлі азық-түлік өнімі бойынша 80%-ға қамтылған. Ал 5 азық-түлік тауары бойынша импорттық тәуелділік бар екен. Дәл осы импорттық тауарлардың қымбаттау тәуекелі бар.
«Тауық еті бойынша отандық қамту 73%-ды құрайды, шұжық өнімдері 60%, балық өнімдері 60%, ірімшік пен сүзбе 46%, қант 44% көлемінде. Әрине, Қазақстанда өндірілмеуіне байланысты кейбір көкөністер мен жеміс түрлеріне де импорттық тәулділік бар. Осы тауараларға қатысты тәуекелдер болуы мүмкін. Яғни импортталатындықтан, қымбаттауы мүмкін»,- деді вице-премьер.
Десе де Жұманғарин шетелден әкелінетін тауарлардың айтарлықтай қымбаттамайтынына сенімді. Мысал ретінде соңғы апта мәліметтерін келтірді. Айтуынша, бағаларға мониторинг жүргізіліп, соңғы аптада ешбір импорттық тауар бағасы көтерілмегені анықталған. Сонымен бірге елге сырттан кіргізілетін тропикалық және цитрусты өнімдердің тұтынушы үшін бағасын арзандату мақсатында кедендік баж салығын жеңілдету көзделген.
«Қазақстанда өспейтін цитрусты өнімдерге қатысты ЕАЭО комиссиясы алаңында келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл тауарлардың кедендік баж салығын төмендету мәселесін қарап жатырмыз. Шешім қабылдамас бұрын Үкімет бұл қадамның ішкі нарыққа қалай әсер ететінін зертейді. Мұндай шешім жылыжайларда жеміс өсіретін кәсіпкерлердің кәсібіне қысым жасай ма, жоқ па толық ескеруіміз керек», – деді Жұманғарин.
Вице-премьер теңгенің құбылмалылығына қатысты да ішкі нарықта бағалардың қатты көтерілмейтінін айтты. Айтуынша, теңге долларға қатысты құбылу кезеңін өткерген. Сонымен бірге күзгі жиын-терім барысында шаруалар барлық маңызды тауар бойынша жақсы өнім алған. Осы көлем нарықтағы бағалардың қатты көтеріліп кетпеуіне жағдай жасайды.
«Отандық азық-түлік бағасы қымбаттай түседі деп ойламаймын. Өткен жылы жаңа жылға қарай бағалар қатты көтерілген жоқ. Осы жылы да солай болады деп сенеміз. Иә, жалпы бағалар құбылуы мүмкін. Бірақ қандай да бір тауар түрінің қымбаттап кетуі күтілмейді. Десе де, инфляция әсерін де ұмытпау керек. Осы жылы инфляция 6-8% деңгейінде болады. Осыған байланысты бағалар да осы шамада көтеріледі», – деді премьер-министрдің орынбасары.