Қазақстанда жолаушы тасымалы саласында өзін-өзі реттейтін ұйым – Автотасымалдаушылар палатасы құрылады. Бұл жайлы Мәжілісте Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.
Көлік министрлігі осыған орай арнайы заң жобасын әзірлеген. Бұл заң жобасы негізінде жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функциялар міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеу ұйымына беріледі.
Өзін-өзі реттеу ұйымына мынадай функциялар беріледі:
- жолаушылардың тұрақты халықаралық тасымалдарын ұйымдастыру;
- жолаушылардың тұрақты облысаралық тасымалдарын ұйымдастыру;
- жолаушылардың тұрақты емес тасымалдарын ұйымдастыру;
- такси тасымалдарын ұйымдастыру.
Сонымен бірге автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалы саласында өзін-өзі реттеуді енгізу – кәсіпкерлік субъектілердің қызметін реттеу мен ұйымдастыруда мемлекеттің қатысуын азайтуға, заман талаптарын ескере отырып, қажетті стандарттар мен қағидаларды жедел қабылдауға, өзін-өзі реттейтін ұйымның тасымалдау процесіне қатысушыларды тиімді бақылау нысанын енгізуге мүмкіндік береді.
Ринат Зайытов Көлік министірлігінің бұл бастамасын «таксистерді отарлау» деп бағалады. Депутат министрге сауалында қабылданып жатқан заңдардың халық үшін тиімділігі төмен екенін айтты.
«Жалпы Мәжіліске келгелі осы Үкімет мүшелерінің бастамашылығымен қабылданған бірде-бір заңның халыққа пайдасы тиіп, жұмыс істеп жатқанын көргем жоқ. Бәлкім, көрмей жүрген шығармын. Ондай болса, келіп, бетіме айтыңыз. Құрметті, Марат Кәрімжанұлы, бізде кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын бір емес, екі палата бар, қателеспесем. Ал автотасымалдау кіші кәсіпкерлік саналады ғой. Бұл саланы неге соларға бермеске? Аламыз да, әйтеуір, бәріне бір-бір бастық тауып береміз. Сондықтан сізге сұрағым бар. Таксистерді бұлайша «отарлаудың» қажеті қанша?», – деп сұрады депутат.
Сондай-ақ Зайытов таксистердің «шулы қауым» екенін, өзінің такси қызметін жиі пайдаланатыны себепті, олардан «жаман сөз» естігісі келмейтінін айтты. Таксистер қауымы бұл заң қабылданған соң дүрлігіп кетсе, олардың алдында жауапкершілікті кім алатынын сұрады.
«Ертең олар дүрлігетін болса, жеке өзіңіз жауапкершілікті мойныңызға аласыз ба?», – деді ол.
Министр мемлкеттік органның басшысы ретінде бар жауапкершілікті мойнына алатынын мәлімдеді.
«Бірінші сұрағыңыз бойынша, айтар болсам, бұл ұйым таксистердің құқын қорғауды көздейді. Шыны керек, анау алпауыт интернет агрегаттардың қасында олардың құқын қорғайтын ешкім қалмады. Ал өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болған соң, олардың қағидасында ең алдымен қарапайым жүргізушілердің құқықтарын қорғайтын талаптарға басымдық беріледі», – деді министр.
Депутат Нартай Аралбайұлы таксистердің құқын министрлік қорғауы қажет екенін айтты.
«Жүргізушілердің құқын қорғайтын ешкім қалмады дейсіз, сонда такси қызметімен айналысатын адамдардың құқын қорғауы керек болған министрлік қайда қарады? Үлкен платформалардың алдында таксистердің құқын тұтас министрлік қорғай алмаса, ол ұйымдар қорғайды дегенге кім сенеді? Осы орайда өзіңіз айтқан, таксистерді қанап отырған ірі платформалардың проценттік мөлшерлемесін түсіру жоспарда бар ма?», – деп сұрады депутат.
Министр такси жүргізушілерінің мүддесін қорғауда мемлекеттік органның өз функциясын тиісті деңгейде орындағанын жеткізді. Ал такси жарнасын бекітуге қатысты депутат бастамасын қолдайтынын, барлық такси қызметіне бір жарна бекіту мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.
Ал Ерлан Қошанов таксистерге қатысты жауапкершілік алу үшін Көлік министріне таксимен жүруге кеңес берді.
«Жауапкершілік алу үшін таксимен жүру керек қой, министр мырза», – деді Мәжіліс төрағасы.