Семей полигонында ядролық сынақтар кезінде әскери борышын өтеген қазақстандық «атом сарбаздары» Қазақстан Президентіне үндеу жолдады. Өздерінің айтуынша, радиция өтінде әскери борышын өтеген сол кездегі жауынгерлер бүгін егде тартқан шағында әлеуметтік жәрдемнен құр қалған. Ешқандай мәртебесі жоқ.
Атом ардагерлерінің сөзіне қарағанда, қазақстандық атом сарбаздары елде саусақпен санарлық қана. Дені радиация салдарынан өмірден ерте өткен. Көзі тірілері ұзақ уақыттан бері денсаулығынан айырылған. Тіпті атом зардабын бала-шағасы мен немере-шөберелері де тартып отыр.
«Біз ядролық сынақ кезінде қызмет еткен атом сарбаздарымыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ресми мәлімдеме жасаймыз. Ардагерлер туралы заңға түзету енгізуді талап етеміз. Атом сарбаздары және олардың отбасы мүшелері оңалтуды қажет етеді. Балаларымыз бен немерелермізде де осы қорқынышты аурулардың бәрі бар. Шұғыл медициналық шаралар қажет», – деп мәлімдеді Сапар Сарыпбеков.
Олар Президенттен Чернобыль апаты және әскери мақсаттағы объектілердегі апат салдарынан мүгедек болғандар санатына қосуды өтінді. Атом сарбаздарының делегациясын Ақордада жеке қабылдауын сұрады.
Атом сарбаздары әскерде қауіпті жерде қызмет атқарғаны туралы анықтама да ала алмай жүргенін айтады. Сөздеріне қарағанда, Қазақстанның Қорғаныс министрлігі «Ресейге барып алыңдар» деп есікті нұсқайды. Көбінің Ресейге баруға шамасы жоқ. Сауал жолдағандардың өзіне Ресей тарапы жауап бермеген.
Семей полигонында ресми дерек бойынша жер асты-үстінде 468 ядролық сынақ жасалған. 616 ядролық-термоядролық зарядтар жарылған. Оның 125-сі жер үстінде, әуеде сыналған. 340-қа тарта жер астында жарылған. Бұдан бөлек, ондаған сутекті бомба сыналған. Жарылыстардың жалпы қуаты Хиросимадағы жарылыстан 2500 есе күшті болған.