Елімізде сақтандырудан тек компаниялардың иелері ғана пайда тауып отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев депутаттық сауалында айтты.
Оның сөзіне қарағанда, жол апаты кезінде қаза болған адамның жұмысқа жарамсыз туысы болса ғана, сақтандыру төленеді. Бірақ кредит бойынша қарызын мұрагерлері төлейді. Еңбекке қабілетсіз туысы мүлде ескерілмейді.
Елнұр Бейсенбаевтың мәлімдеуінше, жол апаты кезінде бала өлімі үшін сақтандыру заңнамасында ешқандай құқықтық салдар көрсетілмеген. Ұзақ жылдардан бері 600 АЕК көлемінде міндетті сақтандыру қарастырылған.
Депутаттың айтуынша, бұл қаражат қазіргі көлікті жөндеу ақысына мүлде сәйкес келмейді. Қымбат көліктің жарығының өзі миллион теңге тұрады. Сондықтан апатқа кінәлі адам көлікті жөндетіп бере алмайды. Бұл оның отбасының, балаларының жағдайын қиындатады. Кредит алуға немесе мүлігін сатуға мәжбүр етеді.
Барлық сақтандыру компаниялар балама ретінде ерікті сақтандыру туралы сөз қозғап жүр. Десе де бұл іс жүзінде жұмыс істемейді. Депутаттың сөзіне қарағанда, азаматтар міндетті сақтандыру келген шығынды толық өтейді деп есептейді. Бұл көлік жүргізушілерін жоғары қатерге ұрындырады.
Елнұр Бейсенбаев сақтандырушы компаниялар өзіне жайлы жағдай жасап алған деп есептейді.