Түркиядағы теракт: лаңкестердің екеуі өлді, үшеуі ауыр жарақат алды

Жарияланды (жаңартылды )
Түркиядағы теракт: лаңкестердің екеуі өлді/ фото: BBC

Түркиядағы Turkish Aerospace Industries компаниясының кеңсесіне терроршылар шабуыл жасады. Анкара маңында болған лаңкестік оқиға салдарынан төрт адам мерт болды. 14 кісі жараланды.

Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликая шабуыл жасаған екеудің – ​​ер мен әйел адамның оққа ұшқанын хабарлады. Үш күдікті ауыр жарақат алды.

REUTERS/Stringer

Владимир Путинмен кездескен Ердоған «жиркенішті лаңкестік әрекетті» айыптап, Ресей президентіне көңіл айтқаны үшін алғыс айтты.

«Төрт адам қаза тауып, 14 адам жарақат алды. Терактіні айыптап, шейіттерімізге рақым тілеймін», – деді Ердоған.

BBC-дің жазуынша, НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте Ердоғанмен сөйлескенін және альянстың Анкараға қолдау көрсететінін мәлімдеді. Оның пікірінше, Түркиядағы теракт назардан тыс қалмайды.

«Мен жаңа ғана президент Ердоғанмен Анкарадағы теракт туралы сөйлестім. Мен ұстанымымды ашық жарияладым: НАТО Түркияны қолдайды», – деп жазды Рутте X парақшасында.

Анкара мэрі Мансур Явас, «Байкар» түрік компаниясының техникалық директоры Селчук Байрактар, Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан террорлық шабуылды айыптап, лаңкестер қолынан қаза тапқандардың тума-туысына көңіл айтты.

Жарылыстың себебі мен шабуылды кім ұйымдастырғаны әлі белгісіз. Жауапкершілікті ешбір топ өз мойнына алған жоқ. Прокуратура тергеуді бастады.

Turkish Aerospace – коммерциялық және әскери мақсатқа арналған ұшақтар, тікұшақтар, дрондар және ғарыштық спутниктерді шығаратын кәсіпорын. Аэроғарыш өнеркәсібіндегі орны ерекше компанияның бас кеңсесі Анкарадан солтүстікке қарай 40 шақырым жерде, Кахраманказан қаласында орналасқан.

Сондай-ақ оқыңыз