23 қазан күні АҚШ қор нарығы мемлекеттік облигацияларға деген сұраныстың өсуінен кейін төмендеді. Алайда өсіп жатқан мемлекеттік қарыз қаржы сарапшыларын алаңдатып отыр. Олар АҚШ-та қаржы дағдарысы болуы мүмкін деп ескерте бастады. Ал оптимистер келесі жылы алғашқы листингтердің өсуін күтуде. 23 қазан күнгі әлемдік БАҚ шолуынан осы және өзге де тақырыптар жөнінде оқи аласыздар.
АҚШ нарығы төмендеді: қымбат облигациялар капиталды тартады
Сәрсенбі, 23 қазанда АҚШ қор нарығы теріс нәтижелер көрсетті деп жазды CNBC. Акциялар құнсызданды. Себебі инвесторлар қымбат облигацияларға басымдық беріп, капиталдарын қарыз нарығына аударып жатыр. DOW 0,96%-ға, Nasdaq 1,6%-ға, ал S&P 500 0,92%-ға төмендеді.
Сауда сессиясы барысында 10 жылдық мемлекеттік облигациялардың кірістілігі 4,25%-дан асты, бұл 26 шілдеден бергі ең жоғары деңгей. Тек қазан айының өзінде 10 жылдық облигациялар кірістілігі 44 базистік тармаққа өсті.
Тіпті Федералды резервтік жүйе (ФРС) ақша-несие саясатын жеңілдеткеніне қарамастан, кірістілік соңғы айда қарқынды өсті. Кейбір сарапшылар бұны жақында жарияланған экономикалық деректермен байланыстырады. Ал басқалары Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімінде АҚШ бюджеттік тапшылығының өсу мүмкіндігін атап өтті.
«Нарық ФРС мөлшерлемелерді агрессивті түрде төмендетуі мүмкін деген ықтималдықты қайта қарастырып жатыр», – деді Northwestern Mutual Wealth Management инвестициялар жөніндегі директоры Брент Шютте. – «Экономиканың кейбір бөліктері әлі қатаң саясаттың салдарын сезінген жоқ. Бірақ мөлшерлемелер неғұрлым ұзақ уақыт жоғары болып тұрса, экономика соғұрлым көбірек бейімделуге мәжбүр болады».
Оның айтуынша, АҚШ қор нарығының ең жоғары бағаланған бөлігі ірі компаниялардың акциялары болып саналады. Алдағы уақытта рецессия қаупі сақталғандықтан, нарықта құлдырау болуы мүмкін.
BMO: 2025 жылы АҚШ-та IPO нарығының көлемі 50 млрд долларға жетеді
BMO Capital Markets стратегтерінің пікірінше, келесі жылы АҚШ-та алғашқы жария орналастыру (IPO) нарығы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге дейін өседі, деп жазды Bloomberg. BMO-ның жаһандық нарықтардағы акционерлік капитал бойынша тең төрағасы Эрик Бенедикттің айтуынша, америкалық компаниялар 40-50 млрд доллар тартады деп күтілуде. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда кем дегенде 32%-ға артық.
«Біз ерекше кезеңге кіріп жатырмыз», – деді Бенедикт. – «Бірінші тоқсанда акцияларды шығару жеделдейді және бұл үрдіс кем дегенде 2026 жылдың бірінші жартысына дейін жалғасады. Дегенмен бұл сатылымы әлі де өсіп келе жатқан және салада берік позициясы бар компаниялардың нарығы болады».
Еске сала кетейік, соңғы үш жылда әлем бойынша IPO белсенділігі төмен болды. Bloomberg деректеріне сәйкес, BMO-ның келесі жылға күтілетін болжамдары пандемияға дейінгі он жылдағы IPO көрсеткіштерімен шамалас. Сол кезде IPO көлемі жылына орта есеппен 56 млрд долларды құраған-ды. Яғни нарықтар он жылдық орташа көрсеткіштерге қайта оралып жатыр.
Сарапшы: АҚШ-тағы қаржы дағдарысы өте жылдам болуы мүмкін
АҚШ-та Федералды бюджетті қадағалау комитетінің (АҚШ бюджетін бақылау ұйымы) президенті Майя МакГиннис елдегі қаржылық жағдай тұрақсыз деп есептейді, деп жазды Market Watch. «Қаржылық жағдайға жалпы қарасақ, АҚШ қарызы экономиканың өсуінен жылдамырақ көбейіп келе жатқандықтан, жағдай айқын тұрақсыз», – деді МакГиннис Халықаралық қаржы институтында өткен пікірталаста.
Оның айтуынша, көптеген қаржы нарығының қатысушылары АҚШ-тың қаржылық жағдайын «көпіршік» деп сипаттайды. Бірақ бұл көпіршік болған кезде де көп ақша табуға болады. Алайда дағдарыстың қашан болатынын алдын ала болжау мүмкін емес. «Бұл өте жылдам болады», – деді экономист. – «Қаржы дағдарысының басталуы облигацияларды орналастырудағы сәтсіздіктен туындауы мүмкін».
Осы аптада аты аңызға айналған инвестор Пол Тюдор Джонс та АҚШ-тың мемлекеттік қарызының өсуіне алаңдаушылық білдірді.
Қысқа мерзімді қауіптерге байланысты газ бағасы өсуде
Еуропа мен АҚШ-та табиғи газ бағасы геосаяси қауіптер, өндірістегі үзілістер және сұйытылған табиғи газ нарығының күшейіп келе жатқандығының әсерінен өсуде, деп жазды WSJ. Сұраныс ұсыныстан төмен болғанына қарамастан, трейдерлер Таяу Шығыстағы соғыс пен Солтүстік теңіздегі Equinor компаниясының бір газ платформасындағы өндірістің тоқтап қалуына алаңдап отыр.
Сонымен қатар Бразилиядағы құрғақ ауа райы гидроэлектр энергиясының өндірісін қысқартты. Бұл электр энергиясын өндіру үшін сұйытылған табиғи газ қажеттілігінің артуына әкелді. «Егер жағдай алдағы айларда сақталса, Солтүстік жартышарда қыс кезінде жаһандық сұйытылған табиғи газ нарығы күтілгеннен де күрделі болмақ», – делінген ING сарапшыларының клиенттерге арналған жазбасында.
Нью-Йорктегі қараша айындағы жеткізіліммен табиғи газ фьючерстері таңертеңгі сауда кезінде 1 млн британдық жылу бірлігі (БТЕ) үшін шамамен 2,3 доллардан сатылды. Сауда соңында баға 2,447 долларға дейін өсті. Голландияның негізгі TTF келісімшарты 1,6%-ға өсіп, мегаватт-сағатына 41,38 еуроға жетті.