Миллиардер Ерлан Баймұратов KazFoodProducts компаниясы арқылы иеленетін «Баян сұлу» кондитерлік компаниясы активтерінің үштен бір бөлігіне тең мүлікті қайта кепілге қойған. Бұл жайында компанияның Қазақстан қор биржасына жолдаған ақпаратында жазылды.
Сонымен қатар фабрика актив құнының 12,39%-на тең мүлігін кепілге қойды. Қос мүлікті кепілге қою туралы шешім шілде айында шыққанымен, кепіл құқығы 16 қазанда туындаған. Хабарламада мүлік қандай мақсатта кепілге қойылып жатқаны ашып жазылмаған.
Компанияның 1 күн бұрынғы хабарламасында акционерлер құрамы өзгергені жазылған. Кондитерлік фабриканың 5% үлесін енді мемлекет иеленеді. Компания қор нарығына акцияларының 5%-ын шығарып, оны Қостанай облысы әкімдігіне қарасты «Тобыл» ӘКК сатып алған.
Шілдеде «Баян сұлу» 35,3 миллион қарапайым акция орналастыратынын хабарлады. Акционерлер бірінші бас тарту құқығымен сатып алса, орналастыру бағасы бір қарапайым акцияға 150 теңгені құрайды. KASE арқылы бағалы қағаз сатып алатын инвесторлар үшін бір акция құны 1 250 теңге болған. Сол кезде KazFoodProducts бас директоры Әлихан Талғатбек Қостанайда жаңа фабрика салынатынын6 жалпы құны 14,3 млн теңге екенін айтқан.
Қор нарығына қосымша акция шығару туралы шешім шілде айында қабылданса да, акциялар биржаға қазан айында орналастырылған. Осы цифрларды негізге ала отырып, мемлекет кондитерлік фабрика акцияларын 5 млрд теңгеге сатып алғанын шамалауға болады.
Нәтижесінда қазір компания акционерлерінің құрамында Ерлан Баймұратовтың KazFoodProducts компаниясы (85% немесе 68 миллион акция), компанияның бірінші директоры Тимур Садықов (5% немесе 4 миллион акция) және «Тобыл» ӘКК (5% немесе 4 миллион акция)бар.
Компанияның негізгі иесі Ерлан Баймұратов Forbes журналының нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің қатарында 65-орынды иеленген.