Қазақстанда өнділетін көмір түрлерін экспорттауға айрықша құқық алған компаниялар тізімі жаңартылды. Үкімет қаулысымен сыртқа көмір тасымалдауға құқығы бар мекемелердің қатарына тағы бесеуі қосылған. Осының нәтижесінде айрықша құқық иеленген компаниялар қатары 38-ге жетті. Тізімге жаңадан қосылған екі фирманың құрылтайшылсы – шетелдік компаниялар.
Тізімге жаңадан енген компаниялар:
- «Kazakh Coal Trading» ЖШС
- «MCI Group» ЖШС
- «Куу-Чек тау-кен кәсіпорны» ЖШС
- «Қазкөмір компани» ЖШС
- «Қайнама Көмір» ЖШС
Көмір экспортына айрықша құқық алған компаниялар тас көмір, тас көмірден алынған брикеттер, түйіршіктер мен осыған ұқсас қатты отын түрлерін сыртқа тасымалдай алады. Сонымен қатар, гагаттан басқа, лигнит немесе қоңыр көмір сынды агломерленген немесе агломерленбеген шикізат тасымалдауға құқылы.
Бұл компаниялар кімге тиесілі?
«Kazakh Coal Trading» ЖШС – өте жас компания, құрылғанына 1 жыл да болмаған. Ол 2023 жылдың қараша айында Павлодар қаласында тіркелген, қызметі – тас көмір сату деп көрсетілген. Бірінші басшысы – Сергей Яцков болса, құрылтайшысы – Дмитрий Говор. Жыл басына бері компания 317 мың теңге салық төлеген.
Ал «MCI Group» ЖШС-ның құрылғанына 14 жылдан асқан. Компания Қарағанды облысында тіркеліп, тау-кен өндірісі мен құрылысқа арналған машина мен жабдықтар сату, тас кесумен айналысады. Бірінші басшысы да, құрылтайшысы да – Николай Бризицкий. Компания 2022 жылы қазынаға қомақты салық төлеген – 407 млн теңге. Ал 2023 жылдан бері төлеген салығы күрт қысқарып, былтыр 55 млн теңге, ал жыл басынан бері 1,5 млн теңге ғана болған.
Жаңартылған тізімге кірген үшінші компания – «Куу-Чек тау-кен кәсіпорны» ЖШС. Бұл компания да жоғарыда аты аталған Николай Бризицкийге тиесілі. 2022 жылы құрылған кәсіпорын тас көмірді ашық әдіс арқылы өндірумен айналысады. 2022-2023 жылдары салықты жақсы төлегенімен, биыл қазынаға бір тиын да құймаған.
«Қазкөмір компани» ЖШС 2014 жылғы 22 желтоқсанда Қарағанда қаласында тіркелген. Негізгінен тас көмірдің көтерме саудасымен айналысады. Бас директоры – Қаратаев Александр. Құрылтайшысы – The Rooftop LLC. Бұл шетелдік компания болғандықтан, мемлекеттік орган мекеменің түпкі иесі туралы ақпарат бермеді. Ашық дереккөздерде бірінші басшысы – Евгений Жевайкин деп көрсетілген.
«Қайнама Көмір» ЖШС 2014 жылы Павлодар облысында құрылған. Негізгі қызмет түрі: тас көмірді ашық әдіспен өндіру. Құрылтайшылары – «Заман Көмір» мен GSM s.r.o. компаниясы. Ал «Заман Көмір» ЖШС-ның құрылтайшысы ретінде GSM s.r.o. компаниясы мен Даниярова Әлия Бақытжановна көрсетілген. Соңғысы – бейрезидент, шетелдік компания, Словакия елінде тіркелген.