Жаңалықтар

Қазақстан қазан айында Германияға тасымалданатын мұнай көлемін қысқартқан

Коллаж: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан қазан айында Германияға мұнай экспортын 11%-ға қысқартқан. Есесіне Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) бағытындағы жеткізілімдерді 12%-ға арттырды.

Reuter агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан мұнай құбыры операторы – «ҚазТрансОйл» (ҚТО) қазан айында «Дружба» құбыры арқылы Германияға мұнай экспортын тәулігіне қыркүйек айындағы 145 000 тоннадан 133 000 тоннаға дейін (11%-ға) қысқартады. 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ҚТО Германияға 1,081 млн тонна мұнай жеткізді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 590 мың тоннадан 83%-ға артық.

ҚТО мәліметінше, Қазақстанның «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбырымен (БТД) мұнай тасымалдау қазан айында 12%-ға артып, қыркүйек айындағы 138 000 тоннадан 160 000 тоннаға дейін өспек. 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында БТД бағытындағы экспорт 1,092 млн тоннаға жетіп, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда (990 мың тонна) 10%-ға ұлғайды.

Қазақстан өз мұнайына Еуропа елдеріндегі сұраныс артуына байланысты Ресей порттарына балама бағыттарды дамытуға тырысып жатыр. Дегенмен «Каспий құбыр консорциумы» (КТК) Қазақстанның мұнай экспортындағы негізгі бағыт болып қала береді.

Нарық өкілдері қазан айында Германияға жеткізілетін мұнайдың азаюын Қарашығанақ кен орнында жүргізілген жөндеу жұмысымен байланыстырды.

Қарашығанақ пен «Қашаған» кен орындарынан мұнай KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) брендімен Беларусь және Польша арқылы «Дружба» мұнай құбырының солтүстік тармағымен Германияның Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына жеткізіледі.

2024 жылы Қазақстанның Германияға мұнай жеткізу көлемі 1,2 млн тоннаға жетеді деп жоспарланған Бұл көрсеткіш 2025 жылы да сақталуы тиіс.

Қыркүйек айында Президент Қасым Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия канцлері қатысқан кездесуде Қазақстанның Германияға мұнай жеткізуді арттыруға дайын екенін мәлімдеді. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан Германияға мұнай экспортын 2024 жылы 2 миллион тоннаға дейін жеткізу туралы ұсыныс алғанын айтты.

Қазақстан «Дружба» мұнай құбырының солтүстік тармағы арқылы мұнай экспортын 2023 жылдың ақпанда қайта бастады. Оған ресейлік Urals маркалы мұнайының солтүстік тармақ бойынша жеткізілуіне тыйым салынуы себеп болды.