Банктердің ақпараттық технологияларға жұмсайтын шығыны 15–17%-ға дейін өсуі ықтимал – S&P Global зерттеуі

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
 S&P Global Ratings
Фото: shutterstock, бильд-редактор Аружан Махсотова

Болашақта қазақстандықтар нақты бір банкті таңдамай, бірнеше қаржы ұйымының қызметін бірден пайдалануы мүмкін. Сонымен қатар банктердің ақпараттық технологияларға жұмсайтын шығыны 15–17%-ға дейін өсуі ықтимал.

Бұл туралы халықаралық S&P Global Ratings агенттігінің Орталық Азия мен Кавказдағы бөлшек банкингтің цифрландырылуына қатысты шолуында жазылған.

S&P сарапшыларының пікірінше, техникалық білімі бар адамдар қатарының артуына байланысты, банктерге цифрлық технологияларды тезірек енгізу, өнімдері мен қызметтерін үнемі жетілдіріп отыру қажет болады. Қазақстанда карточка транзакцияларының шамамен 64%-ы Алматы, Астана және Шымкент қалаларына тиесілі болғанымен, бұл қалаларда еңбекке жарамды халықтың төрттен бір бөлігі ғана тұрады.

«Қазақстандағы қалалық тұрғындарының басым көпшілігі күнделікті жаңа қаржы технологияларын қолдануға дайын. Халықтың шамамен 88%-ы технологияларды жақсы меңгерген, қолма-қол төлемдердің орнына банк карталары, интернет және мобильді банкинг қызметтерін пайдаланады. Бұл топ бөлшек банкинг қызметтерін тұтынушылардың негізгі бөлігімен тығыз байланысты», – деп жазылған шолуда.

S&P жас қазақстандықтарды алдыңғы буынмен салыстырғанда, цифрлық шешімдерге ашық деп сипаттайды. Алайда ел тұрғындарының 75%-ның табысы орташа есеппен 237 мың теңгеден аспайтындықтан, бұл банк қызметтерін пайдалану мен цифрлық инновацияларға деген сұраныстың өсуін шектейді.

S&P Қазақстанның банктік нарығындағы цифрландыруды жоғары деп бағалайды. Сарапшылардың айтуынша, банк секторы жаңа технологияларды басқа салаларға қарағанда жылдам игеріп жатыр. Оған қоса білікті IT мамандары жеткілікті. Сондай-ақ цифрландыруға интернет жылдамдығы мен оның кең таралуы әсер етеді.

Агенттік мәліметінше, әмбебап модель, «тамаша инвестициялық мүмкіндіктер» және жаңа платформаларды енгізу – көптеген банкке нарықта көш бастап тұруына көмектеседі. Сарапшылар алдағы үш жылда қазақстандық банктердің IT саласына жұмсайтын шығындары қазіргі 8–10%-дан 15–17%-ға дейін өседі деп болжайды.

«Соңғы он жылда Қазақстанның банк секторы, әсіресе, ірі ойыншылар, цифрландыруға елеулі қаражат салды. Бұл негізінен клиент сұранысы, мықты IT-сектор және қатты бәсекелестікке байланысты. Алайда цифрландыруға қатысты технологиялар немесе инфрақұрылыммен байланысты сын-тәуекелдер де өсті. Ол өз кезегінде деректерді қорғау, инфрақұрылымды дамытуға қосымша инвестиция салуды қажет етеді», – дейді сарапшылар.

S&P сарапшыларының пайымдауынша, қазір қазақстандық банктерге цифрландыру мен финтехке инвестиция салу тиімді. Сарапшылар мұны венчурлық капиталдың дамымауы, нарыққа кірудегі кедергілер және қаржы секторындағы қатаң реттеумен байланыстырады. Дегенмен шамадан тыс реттеу жаңа қатысушылардың нарыққа кіруін және жаңа бизнес модельдердің дамуын шектейді.

Halyk және Kaspi банктерінің үстемдік етуі – жеке банктер үшін артықшылық болғанымен, финтех-компаниялар үшін кедергі болуы мүмкін. Дегенмен S&P бұл банктердің цифрландыру мен инновация саласындағы жетістігін атап өтіп, оларға бәсекелес болу қиын деп болжайды.

Сондай-ақ оқыңыз