Қырымда 2 айға қамауға алынған 19 жасар қазақстандық Тұран Устюговті Ресей Федералды қауіпсіздік қызметі «Украинадағы соғысқа аттанбақ болған» күдікті деп танып отыр. KursivMedia тілшісі оның анасы Эльмира Жаңабаевамен тілдесті.
Тұран Устюгов Ресейде террористік деп танылған «Азов» пен «РДК» (Русский добровольческий корпус) ұйымдарына соғысқа аттануға «анкета толтырғаны» үшін қамалған. 4 қазанда Қырым соты оны 2 айға, яғни 4 желтоқсанға дейін қамауға алу туралы шешім қабылдаған. Анасының айтуынша, ол қазір түрме жанындағы ауруханада жатыр.
«Балам өте сенгіш, арам ойы жоқ адам. 7-сыныпта оқып жүрген кезінде бұрынғы көршіміз оған сексуалды қысым көрсеткен. Сол кезден кейін психикасы бұзыла бастады. 14 жасында жоғары сынып оқушылары топ болып ұрып, ақша бопсалаған. 15 жасында әкесі қайтыс болды. Осының бәрі психикасына ауыр жары болғаны анық», – дейді Жаңабаева.
Анасының айтуынша, Тұран бала кезінде модель болып, әртүрлі шараларға қатысып жүрген. Әкесі қайтыс болғаннан кейін мұндай шараларға қатысудан бас тартып, тіпті суретке де түскісі келмеген. Анасы оның бұл жайын көріп, психологқа алып барған. Психолог өзінің көмектесе алмайтынын айтып, психотерапевтке баруды ұсынған. Жаңабаева баласын бірнеше психотерапевтке алып барған. Алайда олардың көмектесе алмаған.
«Тұран бұрын ашық жарқын болған. Әкесі өлгеннен кейін мінезі тұйықтала бастады. Қызығушылықтары өзгерді. Мен баламның болашағына алаңдап, жергілікті учаскелік полиция қызметкеріне өтініш айтқанмын. Баламмен тәртібі жайлы сөйлессе деп. Себебі колледжде тәртібіне байланысты шағымдар болды», – дейді ол.
Тұран қаржы брокері мамандығы бойынша колледж бітіргеннен кейін анасы оқуын әрі қарай жалғастыруды ұсынған. Алайда ол білім алғысы келмейтінін, жалпы өзінің «не істейтінін білмей жүргенін» айтқан. Анасы өзге елге барса, ортасы өзгерсе, көңілі бөлініп, өмірі өзгерер деген оймен оны Оңтүстік Кореяға жұмысқа жібермек болған.
«Кореядан жұмыс та тауып қойдым. 13 қыркүйек ұшып кетуі керек еді. Бірақ ол «бармаймын» деп қырсығып, маған ренжіп, үлкен ұлымның үйіне тұруға кетіп қалған. Мен оның киім-кешегін түгендеп шыр-пыр болдым. Бір күні үлкен ұлым хабарласып, «үйге келсем Тұран жоқ. Киім-кешегін жинап, кетіп қалыпты» деді. Жан-жаққа хабарласып, іздей бастадым, құқық қорғау органдары оның Қырғызстанға кетіп қалғанын айтты», – дейді Тұранның анасы.
Жаңабаева Бішкектегі таныстыра хабарласып, ұлын іздете бастаған. Бірнеше күннен кейін баласын Қырымда Ресей Федералды қауіпсіздік қызметі ұстап алғанын, «Ресейде террорист» деп танылған топтарда «анкета толтырғанына» байланысты қамауға алынған білген. Ақордаға жүгініп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Сыртқы істер министрлігінен көмек сұраған.
«Қазір ақылы адвокат таптым. Ол біздің елдің Сыртқы министрлігіне және жеке маған жағдайды баяндап отыр. Балама қатысты көршілердің, учаскелік полицияның, өзім ертіп апарған психотерапевттердің мінездемелері мен дәрігерлік анықтамаларын толықтай жібердім. Соларды ескеріп, баламның жастығын ескеріп, оны маған қайтарып береді деп үміттенемін», – дейді Жаңабаева.
Өзің кәмелеттік жасқа толмаған балаларын тастап кете алмайтындықтан, Тұранға бара алмай отырғанын атап өтті. Ол қазір адвокатпен байланыста отырғанын, баласына екі рет сәлемдеме беріп жібергенін айтады.
«Адвокаттың қызметін төлеуге жағдайым келмей барады. Әр есікті бір қағып жүргенде жұмыс та істей алмай қалдым», – дейді ол.
Эльмира Жаңабаева адвокат қызметтерін өтеу үшін қазақстандықтардан көмек сұрады. Оған көмектесу реквизиттері: KASPI GOLD: +7 747 208 74 09; VISA: 4400 4301 0109 0857; МИР: 2202 2063 5701 8360
KursivMedia Тұран Устюговтің жағдайына байланысты Ресей Федералды қауіпсіздік қызметіне, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен Сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жолдады.