Банктер ақша жымқыру фактілерімен күресу үшін компаниялардың түпкі иелерін мұқият тексереді
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк клиенттерін тексеруге қойылатын талаптарды күшейтпек. Бұл ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландырумен күресу үшін қажет. Тиісті қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Енді банктер өз клиенті және компаниялардың бенефициары туралы ақпаратты ресми құжаттарды, ашық көздерді және кез келген басқа құралдарды пайдалана отырып тексеруі керек.
Бенефициарлық меншік иесі – компанияны, мүлікті немесе қаржылық активтерді, тіпті олар басқа тұлға немесе ұйымның атына ресми түрде тіркелген болса да, нақты иеленетін, бақылайтын немесе одан пайда көретін жеке тұлға. Көбінесе ұйым бенефициары салықтан, жауапкершіліктен, бақылаудан «қашу» үшін жасырын қалуға тырысады. Әсіресе, оффшорлық құрылымдар немесе сенімгерлік басқаруға берген компания иелері.
Агенттік бұрын компанияның бенефициарлық меншік иесі оның жарғылық капиталының 25%-ын немесе одан да көп бөлігін иеленген жағдайда анықталғанын хабарлады. Енді бұл жалғыз шарт болмайды, басқа да әдістер қолданылады.
Сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңды тұлғаны, компания басшысын немесе атқарушы орган клиентін бенефициар ретінде тануға тыйым салатын түзетулер енгізді. Мақсат – клиентке тереңірек талдау жасау және қаржылық мониторинг субъектілеріне нақты бенефициарды анықтауға көмектесу.