Fitch Ratings сарапшылары Қазақстанның егеменді рейтингін төмендетуі мүмкін. Себебі халықаралық ұйым ел үкіметінің ақша-несие және фискалдық саясатын сынға алып отыр. Бұл туралы агенттік сайтында жарияланған құжатта жазылған.
2024 жылғы мамыр айында агенттік Қазақстанның егеменді рейтингін «BBB»/Тұрақты деңгейде растады. Алайда қазіргі кезде халықаралық ұйым Ұлттық қордан аударылатын трансферттердің, оның ішінде мемлекеттік сектордағы акцияларды қайта сату схемалары арқылы ұлғайғанын сынады.
«Қазақстанның макроэкономикалық саясатының әлсіз жақтары ақша-несие және фискалдық саясаттың сенімділігі мен болжамдылығын төмендетеді. Бұл Fitch-тің макроэкономикалық болжамы, саясаты үшін маңызды. Сондықтан елдің рейтингін бір саты төмен түзетуге ықпал етеді», – деп жазылған құжатта.
Сарапшылар оң факторлардың бірі ретінде мемлекеттік қарыз деңгейінің төмендігі (2023 жылғы ЖІӨ-нің 22,3%-ын құрайтын «BBB» медианасының жартысынан аз) мен сыртқы баланстардың мығымдығын атады. Дегенмен қарыздың өсуі мемлекеттік облигацияларды шығару, экономикаға банк секторы мен зейнетақы қорының араласуы арқылы жалғасуы мүмкін.
Fitch болжамынша, Үкіметтің жалпы қарызы (general government gross debt) жалпы тұрақты болады. 2026 жылы ЖІӨ-нің 23,6% деңгейінде, ал қарыз бен табысы 2024 жылы 7,8% деңгейіне тұрақтауы мүмкін.
Еске сала кетсек, Республикалық бюджетке түсетін қаржының азаюы салдарынан, Қазақстан Үкіметі биыл Ұлттық қордан жалпы 5,6 трлн теңге алады. 2024 жылға қордан бюджетке бөлінетін трансферт 3,6 трлн теңге деп бекітілген еді. Оның 2 трлн теңгесі – кепілдендірілген трансферт, 1,6 трлн теңгесі – нысаналы трансферт болатын.
Үкімет 2025 жылы Ұлттық қордан трансферттер көлемін 5,25 трлн теңгеге дейін ұлғайтатынын хабарлады.