«Қазмұнайгаз» бен «Лукойл» компаниялары «Қаламқас-Теңіз және Хазар» жобасы бойынша жеке-жеке техникалық стратегия жасайды
«ҚазМұнайГаз» АҚ мен «Лукойл» АҚ Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі «Қаламқас-теңіз, Хазар» кен орындарын игеру үшін техникалық жобалау (FEED) жұмыстарын қатар жүргізеді. Бұл туралы «Түркіменстанның мұнайы мен газы – 2024» конференциясы барысында ҚМГ басқарма төрағасы Асхат Хасенов айтты.
«Қазір техникалық жобалауды бастадық. Жаңа келісімшарт стратегиясы таңдалды. Уақыт өте келе, нақты EPCIC мердігері анықталады, содан кейін барлық жұмыс қатар жүргізіледі. Өйткені бұл құрылыс кезеңіне жылдам көшу үшін маңызды», – деді спикер.
«Қаламқас-Хазар» жобасы бойынша жылына 4 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған. Жобаға 6 млрд доллардан астам инвестиция салынбақ. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталып, 2029 жылға дейін жалғасады. ҚМГ төрағасының айтуынша, мұнай өндірісі 2029 жылға қарай басталады.
«Қаламқас-теңіз, Хазар» жобасының қатысушылары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (50%) және «Лукойл» АҚ (50%).
2024 жылғы 10 ақпанда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Лукойл» ЖАҚ Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіндегі «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» жер қойнауы учаскесін игеру жобасы бойынша бірқатар келісім жасасты. Сол тұста мұнай өндірісі 2028-2029 жылдары басталатыны белгілі болды.
Кейін жобаны жүзеге асыру барысында отандық өнім өндірушілерге басымдық беру көзделіп отырғаны анықталды.