Жаңалықтар

НАТО-ға мүше жеті ел Украинаның альянсқа кіруіне қарсы – Politico

НАТО-ға мүше жеті ел Украинаның альянсқа кіруіне қарсы - Politico
НАТО-ның негізгі мүшелері Ресеймен арақатынасын нашарлатқысы келмейді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Германия мен АҚШ-тан бөлек Венгрия, Словакия, Бельгия, Словения және Испания Украинаны НАТО-ға шақыруға қарсы деп хабарлайды Politico.

Басылым «альянстың негізгі мүшелері Ресеймен арақатынасын нашарлатқысы келмейді» деп жазды.

«Бельгия, Словения немесе Испания сияқты елдер АҚШ пен Германияның артына жасырынып жатыр. Олар Украинаның НАТО-ға кіруін қаламайды. Ал тағы бірнеше ел Украинаны НАТО-ға шақыруды абстрактілі түрде қолдайды, бірақ ол іске аса бастағанда, бұл идеяға ашық түрде қарсы шығады», – деп жазылған мақалада.

Венгрия мен Словакия туралы айта отырып, Politico бұл елдердің көшбасшылары – премьер-министрлер Виктор Орбан мен Роберт Фицо әртүрлі себептерді басшылыққа алып, «жалпы кремльшіл позицияны ұстанады» деп түсіндірді.

Еске сала кетсек, 16 қазанда Украина президенті Владимир Зеленский Жоғарғы Радаға «жеңіс жоспарын» ұсынды. Оның бірінші тармағында Украинаны әскери қақтығыс аяқталғанға дейін НАТО-ға шақыру туралы жазылған. The Economist басылымының жазуынша, АҚШ билігі Зеленскийдің «жеңіс жоспарын» жүзеге асыру мүмкін емес деп санайды.

2022 жылы Ресеймен соғыс басталғаннан бері Украина халқы шамамен 8 млн адамға азайды. Бұл туралы БҰҰ мониторинг қоры хабарлаған еді. Ведомствоның мәліметінше, 2014 жылдан бері Украина халқының саны 10 млн адамға қысқарған.